Úı ANONS 4 айда 81 адам қайтыс болған

4 айда 81 адам қайтыс болған

Түркістан облысында жол-көлік оқиғаларынан қаза тапқандар саны республика бойынша ең жоғары көрсеткішке жетті. Жыл басынан бері өңірде 81 адам жол апатынан көз жұмған. Ал мыңдаған адам түрлі деңгейде жарақат алған. Мамандар мұның басты себебі – жүргізушілердің жол ережесін сақтамауы мен жылдамдықты шектен тыс асыруы дейді. Тұрғындар да жолдағы жауапкершілікті күшейту қажет деп есептейді.

 

Биылғы жылдың алғашқы 4 айында Түркістан облысында жол-көлік оқиғасынан 81 адам қайтыс болған.  Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің дерегінше, бұл өзге аймақтармен салыстырғанда ең жоғарғы көрсеткіш.

 

Оқиға кезінде түрлі деңгейде жарақат алғандар да аз емес, 490 адам. Салыстырмалы түрде алғанда  Шымкент қаласында  жарақат алғандар — көп, қайтыс болғандар – аз. Яғни, жол-көлік оқиғасынан 16 адам мерт болып, 531 адам дене жарақатын алған. Жол көлік оқиғаларының жиі болуының себебі неде? Тұрғындар бұл туралы не дейді?

«Асығады, жастар. Асыққан соң сол болады. Қызыл жанса да, сары жанса да баса береді».

«Көңіл бөлуді көбейту керек жүргізушілер. Жаяу жүретін адамдар да, велосипедпен жүретіндер де қарап өтуі керек. Жан-жағына қарау керек. Жүргізушілер көңіл бөлуді көбейтсе ондайлар азаяды».

«Жақсы айдамайды да жүргізушілер. Бәрі жаңадан куәлік алып алған. Сол үшін де. Ереже білмейді».

«Өйткені, жол жүру ережелерін сақтамайды. Бағдаршам қызыл жанып тұрса да өте береді».

 

Прокуратура әрбір іс әкімшілік өндірістердің бірыңғай тізілімін енгізілетінін жазады. Оған қоса жол қозғалысы ережелерін сақтау саласындағы полиция органдарының қызметі  цифрландырылған. Бұл құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеуге мүмкіндік берді. Сонымен қай аймақтарда жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккендер не қайтыс болғандар көп тіркелді?

 

Ең көп зардап шеккендер елдің келесі аймақтарында тіркелген:

 

Алматы қаласы – 2411

Астана қаласы – 846

Алматы облысы – 1353

 

Ең көп жараланғандар келесі аймақтарда тіркелген:

 

Алматы қаласы – 2394

Астана қаласы – 840

Алматы облысы – 1292

 

Ең көп қаза болғандар келесі өңірлерде тіркелді:

 

Түркістан облысы – 81

Алматы облысы – 61

Жамбыл облысы – 53

 

 

Ресми мәліметке қарағанда, Түркістан облысында дәл осы кезеңде қайтыс болғандар саны 4 адамға көп болған. Өткен 4 айда Қазақстанда 9 мыңнан аса жол-көлік оқиғасы тіркелген. Онда зардап шеккендердің саны – 13 мыңға жақындаған.  12 мыңнан аса адам жарақат алып, 475 адам қайтыс болған.

Дилара Иса