Úı ANONS Ағайынды екі жігіт жарты тонна мефедронмен ұсталды

Ағайынды екі жігіт жарты тонна мефедронмен ұсталды

Екі жігіт Арыс қаласындағы жеке үйлерін есірткі орталығына айналдырған. Олардан 500 келі  мефедрон және басқа да заттар тәркіленді.  Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді. Құзырлы органдардың мәліметіне сәйкес, «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында есірткі өндірудің алдын алу бойынша кешенді шаралар жүргізілген.

 

Нәтижесінде, Түркістан облысындағы есірткі зертханасы жойылды. Екі ағайынды қала шетіндегі жеке тұрғын үйде  синтетикалық есірткіні аса ірі көлемде заңсыз өндірген. Оларды тінту кезінде толықтай дәлел-дәйектер алынған.

 

ЕЛДАР ӘБДІКЕНОВ, ІІМ ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Оқиға орнынан тінту кезінде жарты тоннаға жуық сұйық мефедрон, 1,5 тонна прекурсор алынды. Оларға сараптама тағайындалды. Сондай-ақ реактор, колбалар, магниттік араластырғыш, канистрлер, пластикалық науалар және есірткі өндіру белгілері бар өзге де құрал-жабдықтар тәркіленді. Күдіктілерге қатысты Қылмыстық кодекстің 297-1-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, оның санкциясы өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейінгі жазаны көздейді».

 

Айта кетейік, күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. ІІМ есірткі өндіруге қатысты кез келген заңсыз әрекет қатаң түрде тоқтатылатынын атап өтті. Сондай-ақ,  синтетикалық есірткінің қоғам мен адам денсаулығына аса қауіпті екенін айтып, тұрғындарды заңсыз әрекеттерден аулақ болуға шақырады.

 

Нұргүл Жолымбетова