Úı ANONS Бірыңғай 109 байланыс орталығы — жедел әрекет ету қызметі

Бірыңғай 109 байланыс орталығы — жедел әрекет ету қызметі

фото ШӨКҚ

Түркістан облысында бірыңғай 109 байланыс орталығы бірнеше жыл ішінде өңір тұрғындарының сенімді көмекшісіне айналды. Мұнда коммуналдық қызметтер, инфрақұрылым және өзге де тұрмыстық мәселелер бойынша өтініштер тәулік бойы қабылданады. Колл-орталықтың халықтың басты қолдау қызметіне қалай айналғаны туралы алдағы бейнематериалда.

 

109 бірыңғай байланыс орталығындағы жұмыс бір сәтке де тоқтамайды. Операторлар тұрғындардың өтініштері мен шағымдарын тәулік бойы қабылдап, жедел түрде өңдейді.

Жыл басынан бері орталыққа 81 мыңнан астам өтінім келіп түскен. Оның басым бөлігі орындалып, қалған аз бөлігі бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Әрбір өтініш бақылауға алынып, қаралғаннан кейін тұрғындарға нәтиже туралы SMS-хабарлама жолданады.

 

АҚЫЛБЕК САҒИДУЛЛАЕВ,  «ЦИФРЛЫҚ ДАМУ ОРТАЛЫҒЫ» КММ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Бізге күніне орта есеппен 600-700 өтінім түседі. Кей жағдайларда, мысалы, құбыр жарылған сәттерде өтінім саны 1500-ден 2000-ға дейін жетуі мүмкін».

 

Тұрғындардың өтініштеріне жедел әрекет ету және халық пен жергілікті атқарушы органдар арасындағы байланысты нығайту — орталықтың басты міндеті. Ең жиі көтерілетін мәселелер қатарында көше жарығы, газ, сумен қамту және ветеринарлық қызметтер бар.

 

Төрт жыл ішінде байланыс орталығы 790 мыңға жуық өтінішті өңдеген. Тұрғындардың басым бөлігі өтінімдерін 109 қысқа нөмірі арқылы жолдайды. Өтініш түскеннен кейін ақпарат жедел түрде тиісті мекемелерге жіберіліп, мамандар мәселені шешу үшін оқиға орнына шығады. Мәселен, Ықылас көшесіндегі құбыр жарылғаны туралы хабарламадан кейін коммуналдық қызмет өкілдері дереу жөндеу жұмыстарына кіріскен.

 

Тұрғындар мәселе туралы WhatsApp, Instagram, Telegram-бот және мобильді қосымша арқылы да хабарлап, өтінім қалдыра алады. Өңірде цифрлық шешімдер тұрғындардың мәселесін жедел шешуге мүмкіндік беріп, мемлекеттік органдар жұмысының ашық әрі қолжетімді болуына ықпал етіп жатқаны айтылуда.

Ботакөз Әнуар