Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымының саммитін жоғары деңгейде ұйымдастыруға үлес қосқан азаматтар марапатталды. Мемлекеттік наградаға ие болғандардың қатарында қарапайым еңбек адамдары бар. Олар еңбегі еленгеніне разы болып, алғыс білдірді.
Бүгін Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымының саммитін жоғары деңгейде өткізуге үлес қосқан 22 адам мемлекеттік наградамен марапатталды. Олардың қатарында бағбандар, тазалық қызметкерлері, жүргізушілер, инженер, экскурсия жүргізушісі мен еріктілер бар. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров олардың кеудесіне III дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медалін тақты, алғыс хаттар табыстады.
Нұралхан Көшеров президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ыстық ықыласын жеткізді. Саммиттің тарихи маңызына және облыстың даму көрсеткіштеріне тоқталды. Оның айтуынша, биылғы жыл тарихи оқиғалар мен маңызды бастамалармен есте қалып жатыр.
Өз кезегінде марапат алғандар да разылығын білдірді. Еңбегі еленгеніне алғыс айтты. Олардың бірі Ерубаев атындағы әдеби-мәдени музейінің қызметкері Ердос Қонысов бұл тек өзінің ғана емес, саммитке ат салысқан барша қызметкерлерге көрсетілген құрмет, қошемет екенін атап өтті.
Түркістандықтар саяси маңызы бар саммитке екі ай дайындалды. Саммит кезінде Түркістан қаласы халықаралық деңгейдегі шараға сай безендірілді. Түркістан тек тарихи қала емес, түркі әлемін біріктіретін заманауи дипломатиялық және мәдени орталық ретінде көрінді.
Дилара Иса




