Нан бағасы қымбаттады. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, наурыз айында бір жыл ішінде нан бағасы 7,1 пайызға өскен. Кей өңірлерде нан айтарлықтай қымбаттаса, ал, Шымкентте, әлі де қолжетімді деңгейде қалып отыр. Сонымен қатар, қазақстандықтар нанды негізгі азық-түлік ретінде сирек тұтына бастады. Оның орнына түрлі тағамдарды таңдауға көбірек мән беріп жатыр.
Бидай наны бір жылда шамамен 7%-ға қымбаттаған. Бірінші сұрыпты ұннан жасалған «қалыптағы» нанның орташа бағасы келісіне 227 теңгені құрады. Алайда бұл көрсеткіштің артында өңірлер арасындағы айтарлықтай айырмашылық бар.
Ең қымбат нан Қонаев қаласында – бір келісі 347 теңге. Алматыда – 308, Жезқазғанда – 281 теңге. Ақтау мен Семейде баға шамамен 250 теңге деңгейінде, Талдықорған мен Павлодарда – 240 теңгедей. Астанада – 212 теңге. Петропавл мен Ақтөбеде сәйкесінше 196 және 193 теңге. Ең арзан нан Орал мен Шымкентте – мұнда бір келісі шамамен 185 теңге.
Бірінші сұрыпты ұннан пісірілген бидай наны әлеуметтік маңызы бар өнім болып саналады, сондықтан қазақстандықтар «қалыпта пісірілген» нан бағасының өсуін тез байқайды. Сол себепті мемлекет оның бағасын субсидиялар мен шекті бағалар арқылы ұстап отыр. Халық нанды жиі сатып алатын болғандықтан, көпшілігі бағаға аса мән бермейді.
«Мен сұр нан аламын, өзіме ұнайды. 5–10 тиынның айырмасы маңызды емес, басқа тауарлардың бәрі екі-үш есе қымбаттап жатыр, ал нан бұрынғыдай, тек аздап қана өсті».
«Иә, мен нан аламын, кәдімгі ақ нан мен тандыр нан. Бірақ жиі емес, мысалы, соңғы үш күнде нан алған жоқпын».
«Тандыр нан да, бөлке нан да аламын. Бағасы қатты өзгерген жоқ».
Нанның бағасына ең алдымен астық құны әсер етеді, ал оған инфляция, тарифтер мен жанармай бағасының өсуі ықпал етеді. Сонымен қатар, нарық сарапшыларының айтуынша, нан біртіндеп негізгі өнім ретіндегі мәртебесін жоғалтып келеді. Егер 2011 жылы қазақстандықтар жан басына шаққанда жылына шамамен 50 келі бидай нанын тұтынса, бүгінде бұл көрсеткіш 28 келіге дейін азайған. Оның орнына халықтың қызығушылығы әртүрлі, әрі пайдалы тағамдарға, мысалы, қарақұмық пен сұлы жармасына артып келеді.
ЕВГЕНИЙ ГАН, «ҚАЗАҚСТАН ДӘН ӨҢДЕУШІЛЕР ОДАҒЫ» ҚҰРЫЛТАЙШЫЛАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: «Нан қолжетімді өнім, әрі негізгі ақуыз көзі болып саналады. Бірақ тұтыну осылай төмендесе, бұл халықтың басқа өнім түрлеріне тұтынып жатқанын көрсетеді. Орташа қазақстандық өз денсаулығына көбірек мән бере бастады, не қажет екенін түсіне бастады. Мысалы, мен үшін сұлы жармасы – соның бір көрсеткіші. Сондықтан нан бағасына қатты алаңдаудың қажеті жоқ деп ойлаймын».
Сарапшылардың пікірінше, барлығына арзан нан ұсыну идеясынан бас тартып, оның орнына халықтың осал топтарына атаулы қолдау көрсету қажет, мысалы, әлеуметтік карталар арқылы. Осы уақытта нарықта балама өнімдер – ашытқысыз қолдан жасалған нан мен тұтас дәнді өнімдер көбейіп келеді. Мұндай нан қымбатырақ болғанымен, оған деген сұраныс тұрақты өсуде. Бұл қазақстандықтардың тамақтану әдеттері өзгеріп жатқанын көрсетеді.
Шынар Оразова

