Данияр Мейрханға қатысты тиісу дерегі бойынша қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды. Бұл туралы оның қорғаушысы Әлия Жаманбаева хабарлады. Оның айтуынша, қабылданған процессуалдық шешімдерге сәйкес бұл түпкілікті қорытынды. Комитет басшысының кінәсіздігін жәбірленушінің өз қолымен жазған хаттарының скриншоттары дәлелдеген. Сондай-ақ бұған дейін тараған «20 қызметкер шағым түсірді» деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын жеткізді.
«Ұялы телефонға қатысты жағдайға келсек, құрылғы Мейірханның жеке қаражатына сатып алынған. Қазіргі уақытта тексеру шаралары жалғасуда. Данияр Мейірхан, құқық қорғау саласында ұзақ жылдар бойы есірткі қылмысына қарсы ымырасыз күрес жүргізіп келе жатқан тәжірибелі қызметкер. Біз оны қаралау әрекеттері әдейі ұйымдастырылған деп есептейміз»
Данияр Мейрханға қатысты қылмыстық қудалау туралы ақпарат сәуір айында тараған еді. Әлеуметтік желілерде комитет басшысына қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану және тиісу фактілері бойынша айып тағылғаны жөнінде мәліметтер жарияланған болатын. Сол мезетте Ішкі істер министрлігі қызметкерлердің шағымдары негізінде материал тіркелгенін және тексеру кезеңінде Мейірханның қызметінен уақытша шеттетілгенін растаған еді.
Нұргүл Жолымбетова





