Úı Jańalyqtar Салмонеллез: Астан келетін қауіптен қалай қорғанамыз?

Салмонеллез: Астан келетін қауіптен қалай қорғанамыз?

фото surgutgp5.ru

 

Жаз айлары жақындағанда тағамнан улану мен ішек инфекцияларының қаупі біршама артады. Соның ішінде жиі кездесетін әрі денсаулыққа елеулі нұқсан келтіретін аурулардың бірі — салмонеллез. Бұл жай ғана «іштің ауруы» емес, дер кезінде көңіл бөлмесе, асқынып кетуі мүмкін.

Осы орайда, аурудың алдын алу үшін әрбір адам білуі тиіс маңызды ережелерді еске саламыз.

Салмонеллез деген не және ол қайдан келеді?

Ауруды тудыратын — Salmonella деп аталатын бактериялар. Олар сыртқы ортаға өте төзімді: суда 5 айға дейін, ет пен шұжық өнімдерінде 2-4 айға дейін, ал мұздатылған етте жарты жылдан астам уақыт тіршілік ете береді.

Бұл бактерияның басты «жасырынатын орындары»:

  • Құс еті және жұмыртқа (әсіресе шикі немесе шала піскен).
  • Сүт және сүт өнімдері (пастеризацияланбаған).
  • Жаксы жуылмаған көкөністер мен жемістер.
  • Үй жануарлары (күтім барысында гигиена сақталмаса).
Маңызды факт: Салмонелламен ластанған тағамның иісі, дәмі немесе сыртқы түрі еш өзгермейді. Сондықтан өнімнің балғын көрінуі оның мүлдем қауіпсіз екендігіне кепілдік бере алмайды.

 

Ауру белгілері қандай?

Инфекция ағзаға түскеннен кейін алғашқы белгілер 6 сағаттан 3 тәулікке дейінгі аралықта (көбіне 12-24 сағатта) біліне бастайды. Ауру кенеттен, өткір түрде басталады:

  1. Дене қызуының көтерілуі (38–39°C-қа дейін);
  2. Бас ауруы, әлсіздік және буындардың сырқырауы;
  3. Іштің толғақ тәрізді ауруы (көбіне кіндік айналасы);
  4. Жүрек айну, құсу және жиі (тәулігіне бірнеше рет) сұйық үлкен дәрет.

Несімен қауіпті? Жиі құсу мен іш өту ағзаны тез арада сусыздандырады (дегидратация). Бұл әсіресе кішкентай балалар, қарт кісілер және иммунитеті төмен жандар үшін өте қауіпті.

«Алтын ережелер»: Өзіңізді және жақындарыңызды қалай қорғауға болады?

Салмонеллез — бұл «кір қолдың» және дұрыс дайындалмаған тағамның ауруы. Келесі қарапайым, бірақ тиімді ережелерді қатаң сақтауды ұсынамыз:

  • Қол гигиенасы: Ас дайындар алдында, дәретханадан кейін және көшеден келгенде қолды сабынмен мұқият жуу.
  • Термиялық өңдеу: Салмонелла жоғары температурадан қорқады. Ет пен құс өнімдерін толық пісіру керек (ішінде қан қалмауы тиіс). Жұмыртқаны кем дегенде 10-15 минут қайнатқан жөн. Шикі жұмыртқаны (гоголь-моголь, шикі жұмыртқа қосылған үйде жасалған майонез) тұтынудан бас тартқан дұрыс.
  • Асханалық бөлініс (Кросс-контаминацияны болдырмау): Шикі ет/құс өнімдерін турайтын тақтайша мен пышақты нан, көкөніс сияқты дайын өнімдерге ешқашан қолданбаңыз. Тоңазытқышта да шикі өнімдер дайын тағамдардан бөлек тұруы тиіс.
  • Сауда орындарын таңдау: Ет, сүт және жұмыртқаны стихиялық (көшедегі рұқсат етілмеген) базарлардан емес, ветеринарлық бақылауы бар, тоңазытқыштары жұмыс істеп тұрған ресми дүкендерден алған абзал.
  • Жұмыртқаны жуу: Жұмыртқаны тоңазытқышқа қояр алдында емес, тура қолданар алдында сабындап жуу керек. Себебі жуған кезде оның қабығындағы қорғаныс қабаты бұзылып, бактериялар ішіне тез еніп кетуі мүмкін.

Ауырып қалған жағдайда не істеу керек?

Егер жоғарыда аталған белгілер пайда болса, ең бастысы — өз бетінше емделмеу. Көпшілік жіберетін қателік — бірден антибиотиктер ішу. Бұл бактерияны жоймай, оның дәріге төзімділігін арттырып, аурудың созылмалы түрге өтуіне немесе адамның «тасымалдаушы» (сырттай сау, бірақ айналасына инфекция таратушы) болып қалуына әкеп соғады.

Алғашқы көмек: Дәрігер келгенге дейін ағзадағы су балансын қалпына келтіру үшін жиі, бірақ аз ұрттамнан су немесе арнайы тұзды ерітінділер (мысалы, регидрон) ішу қажет.

Қорытынды

Салмонеллездің алдын алу қиын емес. Ол тек бізден күнделікті тұрмыстағы ұқыптылықты, асханадағы тазалықты және ас әзірлеу мәдениетін талап етеді. Денсаулығыңыз өз қолыңызда!

Ағайдарова Р.С.

Әл-Фараби СЭББ Бас маманы