Úı ANONS «Shymkent Judo League» турнирі басталды

«Shymkent Judo League» турнирі басталды

«Кім мықтыны сөз емес, татамидегі тартыс анықтайды». Шымкентте дәстүрлі «Shymkent Judo League» турнирінің алғашқы кезеңі басталды. Мұнда жас татами шеберлері тек жүлде үшін емес, республикалық деңгейге жол ашатын жолдама үшін де бақ сынасуда».

 

Дәстүрлі турнирдің бірінші кезеңінде 14-15 жас аралығындағы бозбалалар мен бойжеткендер өзара мықтыны анықтап жатыр. Жарыс бірнеше кезеңнен тұрады. Жыл соңында өтетін шешуші финалда үздік шыққан балуандар Шымкент қаласының резервтік құрамасына қабылданады. Өз салмақ дәрежесінде жеңіске жеткен Диана Захарова үшін бұл — үлкен мүмкіндік.

 

ДИАНА ЗАХАРОВА, ДЗЮДОШЫ: «Мен үшін спорт — бұл темірдей тәртіп пен қажырлы еңбек. Финалдық кездесу оңай болған жоқ, себебі жақын құрбыммен белдестім. Десе де, «татамиде — жау, татами сыртында — дос» деген қағида бар. Бұл менің ең жоғарғы көрсеткішім емес, бұдан да жақсы өнер көрсете алар едім. Бірақ бірінші орын бұйырды, демек күшімнің жеткені. Бұған дейін талай жарыста есе жібергенмен, міне, бүгін жеңіс тұғырынан көріндім. Алдағы мақсатым — Олимпиада чемпионы атану. Ата-анам мен бапкерімнің сенімін ақтап, олар мақтан тұтатын деңгейге жеткім келеді. Маған сенім артқан Рахым Ғамаловичке алғысым шексіз, осы жетістігім — бапкерімнің еңбегі».

 

Дүбірлі додаға 250 спортшы қатысуда. Мұнда қаладағы 10 спорт мектебі мен мамандандырылған клубтардың өкілдері жиналған. Жалпы, Шымкентте дзюдоға деген қызығушылық жоғары, сондықтан бұл спорт түрін серік еткен жастардың қатары күн санап артып келеді

 

 АЛТЫНБЕК АБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ДЗЮДО ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ: «Қазір қарқынымыз жаман емес. Осы жарыс арқылы Қазақстан чемпионатына, кейін Азия біріншілігіне баратын ең мықтыларды іріктеп аламыз. Мұндай лигаларды барлық облыс пен қалада бастадық. Өздеріңіз көріп отырғандай, жарыстың деңгейі жоғары. Мұның бәрі жасөспірімдер әлемдік додалардың деңгейін сезінсін, өздеріне сенімді болсын деген мақсатпен жасалып жатыр. «Shymkent Judo League» жобасы алдағы уақытта республикалық деңгейге ұласады деп жоспарлап отырмыз. Жастарды спортпен шұғылдануға шақырамын. Міндетті түрде дзюдошы болу шарт емес, бастысы — гаджеттерге телмірмей, денсаулықты күтіп, сабақты жақсы оқу. Спорт — бейбітшілік елшісі, ол бізді әрқашан біріктіреді».

 

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан құрамасы «Kazakhstan Barys Grand Slam» турнирінде жалпыкомандалық есепте үшінші орын алған болатын. Сол додада 81 келіге дейінгі салмақта Жалғас Қайролла чемпион атанса, 100 келіде Марат Байқамұров алтын жүлдені иеленген еді.

Ботакөз Әнуар