Úı ANONS Желідегі «оңай олжаның» ащы зардабы

Желідегі «оңай олжаның» ащы зардабы

Бір-ақ сәттің қателігі және тас-талқан болған тағдыр. Бүгінде оңай олжа мен есірткі тасымалының құрығына ілініп, темір тордан бір-ақ шығатын жастардың қатары азаймай тұр. Оқу жылы аяқталып, алда жазғы ұзақ демалыс басталғанда бұл мәселе тіптен ушыға түсуі мүмкін. Осы орайда шымкенттік тәртіп сақшылары мен прокурорлар жасөспірімдерді қылмыстан сақтандырудың өзгеше әдісін қолдануда. Олар студенттер мен мектеп оқушыларын түзеу мекемесіндегі жазасын өтеп жатқан құрдастарымен телекөпір арқылы жүздестірді.

 

«Шынымды айтсам, басында бәрі бірден қылмыс болып көрінген жоқ. Басында телеграмм арқылы онлайн жұмыс, тез ақша деген ұсыныстар кездесті. Алғашында мән бермедім. Бірақ уақыт өте қызығушылық пайда болды, себебі тезірек ақша тапқым келді».

 

Бұл — құрғақ лекция емес, заңды аттап өткендердің ішкі жанайқайы мен  кінәсін ашық мойындауы. Ұрлық пен есірткі саудасы үшін темір торға қамалған жастар босқа өткен уақыттары мен ата-аналарының тартқан қасіреті туралы бүкпесіз айтуда. Ал бостандықтағы қатарластары бұл кездесуден үлкен сабақ алғандарын жасырмайды .

 

АСЫЛЗАДА СҮНДЕТӘЛІ, СТУДЕНТ: «Бұл өкінішті әрине, жастай кезінен түрмеде отырғаны. Әке-шешесінің үміттері бар. Бірақ әрине олар өкінеді. Және бұл бізге сабақ болады. Олардың жасағаны өздеріне, әке-шешесіне және қоғамға да қарсы. Бірақ олармен тілдесе келе олардың жанайқайын және оларға қиын екенін де түсіндік».

 

Прокурорлардың айтуынша, жастар көбіне әлеуметтік желідегі «оңай олжаға» алданып, қылмыстың соңы ауыр жауапкершілікке әкелетінін сезбей қалады. Құзырлы орган өкілдері тек телекөпірмен шектеліп қалмақ емес. Алдағы уақытта профилактикалық шаралардың форматы өзгермек.

 

ҚУАНДЫҚ АЙТБАЙҰЛЫ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ПРОКУРОРЫ: «Жоспарда қазір бізде онлай форматта бар. Біз өзіміз барып кәдімгідей онлайн форматта түзеу мекемесінің жағдайын, ішін бәрін көрсетіп. Адамдар қалай құрбан болып отыр, қалай отыр соның бәрін көрсету жоспарда бар».

 

Көзбен көріп, құлақпен естіген ащы шындық кім-кімге де ой салары анық. Алда — үш ай жазғы демалыс. Прокурорлардың да басты мақсаты — бос уақыты көбейетін жастарды осындай қатерлі қадамдардан барынша сақтандыру. Өйткені бір сәттік оңай олжаның арты өмірдің соңына дейінгі өкінішке айналмауы тиіс.

Ботакөз Әнуар