Кеше кешке Келес ауданында облыстық маңызы бар көпір құлады. Салдарынан автомобиль жолы жабылған. Көпірмен өткен ауыз су құбырына зақым келген. Қазір онда төтеншеліктер мен полиция жұмыс істеп жатыр.
Түркістан облысы Келес ауданы Қошқарата ауылы маңындағы облыстық маңызы бар «Абай-Ұшқын-Достық» тас жолының бойындағы көпір опырылып түсті. Оқиға кеше кешкі уақытта орын алған. Келес өзенінен өтетін көпір 55 жыл бұрын салынған. Әбүйір болғанда жергілікті әкімдік қауіпті алдын ала анықтаған.
ЖЕҢІС ЛЕСБАЕВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ: «Оқиға салдарынан адам шығыны және зардап шеккендер жоқ».
Ресми мәліметке қарағанда, көпір облыстық «Оңтүстік жолдары» кәсіпорнына тиесілі. Жарты ғасырлық тарихы бар ескі нысан 5 жыл бұрын орташа жөндеуден өткен. Өткен жылы жағалауды бетондалған. Бұған дейін аудан әкімдігі облысқа көпірді жөндеу туралы ұсыныс жасаған.
«Қазіргі уақытта көлік қозғалысы уақытша айналма жолдар арқылы ұйымдастырылды. Оқиға орнында төтенше жағдайлар қызметінің, полицияның және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері жұмыс істеуде. Көпірді қалпына келтіру бойынша алдағы шараларды анықтау мақсатында техникалық тексеру жүргізілуде»
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМДІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ
Облыстық маңызы бар автожолдың жабылуымен бірге көпір арқылы өткен ауыз су құбыры да зақымданған. Нәтижесінде Қошқарата ауылдық округі мен Ұшқын ауылындағы 137 отбасы ауыз сусыз қалған. Оларға су арнайы автокөліктермен жеткізіліп жатыр. Әкімдік су жүйесі толық қалпына келтірілгенге дейін ауыз су тегін тасымалданатынын хабарлады.
Дилара Иса






