Úı ANONS «Қатаң тиым салынады»: Түлектер бітіру кешін өткізе ала ма?

«Қатаң тиым салынады»: Түлектер бітіру кешін өткізе ала ма?

Шымкентте мектеп бітіру кешіне қатысты жаңа талаптар енгізілуі мүмкін. Енді салтанатты шараларды мектептен тыс жерде өткізуге шектеу қойылмақ. Бұл шешімге тұрғындар не дейді? Қымбат кештің орнына қарапайым форматқа көшу керек пе? Оқушылардың қауіпсіздігі мен ата-ананың қалтасы қалай қорғалады?

 

Оқу ағарту министрлігі ішкі істер министрлігі және жергілікті әкімдіктер бірлесіп жалпы орта білім беретін мектептерде бітіру кештерін өткізуге баланысты бір шешімге келді. Бұл үшін бірлескен бұйрық шығаруды ұйғарды. Енді мектеп бітірген түлектерге арналған ас та төк думанды қоштасу кештері өтпеуі мүмкін. Бұған тұрғындардың пікірі қандай?  Мектеп бітіру кешін қалай өткізген абзал?

«Дұрыс. Қаншама шығын болып жатыр. Балалар өксиді. Ренжиді. Қанша пұл кетеді оған. Кішігірім өткізсе болады».

«Біз де 11-сыныпты бітірдік. Кішкене естелік қой. Бірақ енді көп жастар көлік айдап, апатқа түсіп жатыр. Сол жағынан доғарып жатқан шығар. Соған байланысты ғой».

«Дұрыс емес деп ойлаймын. Тойлану керек. Неге? Бітіру кеші ғой, не дегенмен. Есте қалатын сәт».

Негізінде көпшілік бітіру кешін өткізуге қарсылық білдірмей жатады. Десе де қауіпсіз, отбасы бюджетіне салмақ салмайтындай етіп ұйымдастырғанды жөн санайтындар бар.  Дегенмен, тыйымға қарамастан қымбат мейрамханалар, бағалы сыйлықтар, сәнді көйлектер, көлік кортеждерімен жүретіндер жылда табылып жатады. Сонымен оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтарын қорғау және құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін биыл не өзгеретін болды?

 

«Аттестаттарды табыстау рәсімі тек білім беру ұйымдарының ғимараттарында ұйымдастырылады.

Білім алушылардан, олардың ата-аналарынан немесе заңды өкілдерінен қаражат және өзге де материалдық құндылықтарды жинауға қатаң тыйым салынады.

Белгіленген талаптарға сәйкес, бітіру кештерін білім беру ұйымдарынан тыс жерлерде ұйымдастыруға жол берілмейді»

ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІ

Министрлік мәліметінше, жергілікті әкімдіктер қаржылық шығындарды талап етпейтін тәрбиелік және мәдени-ағартушылық іс-шараларды ұйымдастыру және түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Ал полиция құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

 

Министрлік мұндай шешімді алматылық ата-ананың мәлімдемесінен кейін жариялады. Көпбалалы ана бітіру кешіне 200 мың теңгеден ақша жинап жатқанын айтып видеоүндеу жариялаған еді.  Бұл өте үлкен сома екенін, оған бәрінің бірдей шамасы жетпейтінін айтқан болатын.

Дилара Иса