Ата заң – елдің құқықтық іргетасы. Ал оның өмірде тиімді жүзеге асуы құқықтық сананың қалыптасуы мен заңның дұрыс қолданылуына тікелей байланысты. Осы бағыттағы өзекті мәселелер Жұмабек Ахметұлы Тәшенев университетінде өткен ғылыми-тәжірибелік кездесуде кеңінен талқыланды. Басқосуға университет басшылығы, профессор-оқытушылар, ғалымдар мен студенттер қатысып, жаңа Конституцияның алғашқы практикалық қолданысы және Конституциялық Соттың жаңа конституциялық нормаларды түсіндіруге қатысты қабылдаған қаулысының құқықтық маңызын саралады.
Жиында жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін мемлекеттік институттардың қызметін құқықтық тұрғыдан үйлестіру, заң нормаларын бірізді қолдану және құқықтық айқындықты қамтамасыз ету мәселелері сөз болды. Қатысушылар Конституциялық Соттың ресми түсіндірмелері өтпелі кезеңде конституциялық нормаларды дұрыс әрі бірыңғай қолдануға негіз болатынын атап өтті. Жоғарғы оқу орнының басшылығы мұндай ғылыми пікірталастар құқықтық мәдениетті нығайтып қана қоймай, жаңа Конституцияның мәнін терең түсінетін, заман талабына сай кәсіби заңгерлерді даярлауға да ықпал ететінін атап өтті.
ҚАНАТ БАЙБОЛОВ, Ж.А.ТӘШЕНЕВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ РЕКТОРЫ: «Біздің міндетіміз — тек кәсіби маман даярлау емес, конституцияны құрметтейтін, заңға бағынатын, сыни ойлайтын, ғылыми технологияны меңгерген, елдің дамуын ойлайтын жаңа буын азаматтарын тәрбиелеу. Бүгінде әлемде ЖИ, цифрлы экономика және технологиялық бәсеке дәуіріне қадам басты. Мұндай кзеде университеттің миссиясы бұрынғыдан да маңызды. Өйткені, егер біз білім мен ғылымды дамытсақ, инновацияны қолдасақ, заң үстемілігін берік ұстансақ, Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеті арта түседі».
Сонымен қатар, жиынға қатсуышлар, құқықтық реформаларды ғылыми тұрғыдан зерделеудегі жоғары оқу орындарының рөліне ерекше тоқталып өтті. Яғни, заң ғылымын дамыту, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің қолданылу аясын талқылады. Сондай-ақ, Жаңа Конституция елдің құқықтық негізін айқындайтын ғана емес, болашақ даму бағытын белгілейтін маңызды құжат деп отыр.
МЫРЗАБАЙ МЕЙІРБЕКОВ, АҒА ОҚЫТУШЫ: «Осы конституция еліміздің алға басуының алғы шарты болсын. Конституция ел дамуының серпін алар алғашқы баспалдағы болсын, тұғырлы болсын. Енді конституцияда көп нәрселер көрініс тапқан. Оның ішінде ЖОО болғандықтан, бізді ерекше қызықтырғаны адами капитал, білім-ғылым, жасанды интелектке қатты көңіл бөлуіміз керек. ЖОО болған соң, бізге үлкен жүк артады».
Жиынға қатысушылар Ата заңда айқындалған басым бағыттарды жүзеге асыруда білім мен ғылымның, сондай-ақ жоғары оқу орындарының рөлі ерекше екенін жеткізді. Басқосу соңында Конституция қағидаттарын насихаттау және құқықтық мәдениетті арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігі айтылды.
Нұргүл Жолымбетова






