Күннің ыстығы бүгінде қай өңірде болсын, жұртты әбігерге салып тұр. Мәселен, Қытайда жер беті 84 градусқа дейін ысып, тау мұздақтары қарқынды еріп жатыр деген деректер бар. Біздің өңірде де аптап апта соңына дейін жалғаспақ. Осындай ыстықта Қошқар атаға ағылған тұрғындардың саны күрт көбейді. Жұрт мұздай бұлақтың жағасын паналап, сергіп жүр. Өзен бойындағы көрініс пен демалушылардың жай-күйі жайлы толығырақ тілші материалында.
Дәл қазір менің маңдайымнан аққан терді көріп тұрған боларсыздар. Күннің ыстығы сонша – далада дем алудың өзі мұң. Ал дәл артымдағы мына адамдарды қараңыздаршы… мыңдаған жан аптаптан қашып, суға сүңгіп кеткен. Қошқар атада ине шаншар жер жоқ. 36 градус ыстықтың өзінде мұндай аншлаг болса, алдағы күндері 45 градусқа жеткенде бұл жер неге айналады?
Синоптиктер аптаптың әлі де жалғасатынын ескертеді. Апта соңына дейін ауа температурасы 45 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Шілденің шыжыған күнінде халықтың мұнда ағылуының басты себебі – судың температурасында. Қошқар ата бұлағы жылдың қай мезгілі болмасын, тұрақты 11 градус салқындықты сақтап тұрады.
«Мына суға түс денең нәғылады да ішіне түсіп тұрғаннан кейін кәдімгідей жылынасың ғой жаурамайсың. Түскен кезде жаурайсың да одан кейін жылынып кетесің. Қасиеті бар су да, шипалы су»
«Жазғы демалысты жақсы өткізейік деп отбасымызбен келіп отырмыз. Өте керемет, жағдай жасалынған. Балалардың да көңіл күйі жақсы».
Халық арасында бұл су қасиетті саналады. Ғылыми деректерге сүйенсек, құрамында магний, кальций мен гидрокарбонат секілді 13 түрлі химиялық элемент бар. Адам ағзасына тигізер пайдасы мол. Сол үшін де адамдар ат терлетіп, алыстан осы емдік суды іздеп келеді.
«Мен Қызылордадан келіп тұрмын. Мына емдік суға жылда келемін. Балаларым мен немерелерімді алып келдім. 4 немеремді алып келдім. Мынау судан да алып кетемін деп отырмын».
«Біз сол бронхит астмадан тізімде тұрып мүгедектік алғанбыз. Соған ниет қылып осы суға түсіргенмін. Ол қыз сол 1 жыл ішінде учеттан шықты. Мүгедектіктен де шықты. Демікпе дейміз қазақша. Сондайдың екеуімен жүретін еді».
Осы себептерден қала тұрғындары мен қонақтары Қошқар атаға ағылуда. Жаздың аптап ыстығында судың басын паналағандардың қатары күн санап емес, сағат санап артып келеді. Мамандардың сөзінше мұнда келетін демалушылардың саны тәулігіне 15 мыңға дейін жетіп жығылады екен. Тіпті бұл жерде адам аяғы түн ортасында да үзілмейтін көрінеді.
МАРАТЖАН ДАРХАНҰЛЫ, ШЫРАҚШЫ: «Күн түн демей түңгі үште болсын, бесте болсын суға түсе береді халық деген. Таңертең бестен бастап келе бастайды. Түнгі 1-2 де келсеңіз де кем дегенде 1-2 мың адам жүреді».
Дегенмен, келушілердің қарасы қалың болған сайын, аумақтың тазалығы мен тәртібін сақтау да күрделі мәселеге айналуда, дейді мамандар. Әрбір демалушы бұл суды шипалы санап, қадірін түсінгенімен, ішіп-жеген тамақтарының қалдығын сол бойда тастап кететін жайттар баршылық екен.
«Бұл жерде жұмысшылар жұмыс істегенмен, енді халық ішіп жегендерін қалай болса солай тастайды ол шыны керек. Қай жерде болса да адам мәдениетсіз болса тазалық та көп болмайды. Ал енді тазалық сақтау үшін ол бір ғана бұл жердегі қызметкер ғана емес. Ол халықың әрбіріне түсінікті деп ойлаймын».
Қошқар ата – тек демалыс орны ғана емес, халқымыз үшін қадірлі тарихи нысан. Сондықтан, табиғаттың осы бір сыйын қастерлеп, ерекше орын ретінде бағалай білейік.
Ботакөз Әнуар






