Қаңтар айында өз үйінің маңында қоғамдық орында кісі қолынан қаза тапқан 21 жастағы Нұрай Серікбайдың ісі сотқа өтті. Бұл туралы жәбірленуші тараптың қорғаушысы Аянхан Омаров жазды. Қорғаушының мәлімдеуінше, істі прокуратура қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жіберлген. Сөйтіп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру біткен. Енді сот істі мәні бойынша қарайды. Іс прокуратураға өткенде қорғаушы мен марқұм Нұрай Серікбайдың ағасы мәлімдеме жасаған. Олар тергеуге көңілі толмай, өтініштері қараусыз қалғанын айтқан. Сөйтіп, істі қайта тергеуге жіберуді және Бас прокуратураның бақылауға алуын сұраған.
АЯНХАН ӨМАРОВ, ҚОРҒАУШЫ: «Істің жан-жақты, толық әрі объективті қаралуы үшін заңда көзделген барлық шаралар қабылданатын болады. Оған қоса, осы істің тікелей эфирде өткізілуін талап ететін боламыз»
Әзірге іс сот жүйесі кабинетіне ілінбеді. Айта кетейік, елді елең еткізген қанды оқиға 11 қаңтар күні кешке болған. Үйінен дүкенге шыққан оны жолда танысы күштеп ұстап алып, артынан бірнеше жерінен пышақтап, оқиға орнынан бой тасалаған. Күдікті 2 күннен кейін ұсталған. Оның үстінен «Аса қатыгездікпен адам өлтіру», «Сталкинг» және «Некеге тұруға мәжбүрлеу бабымен қылмыстық іс қозғалған.
Дилара Иса






