Қазақстанда әйелдерді де ерлермен бірдей мерзімді әскери қызметке шақыру мәселесі қоғам талқысына түсті. Бұрынғы қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаев Отан қорғау – әр азаматтың конституциялық міндеті екенін айтып, бұл талап әйелдер мен ерлерге бірдей болуы тиіс деген пікір білдірді. Алайда бұл әзірге тек ұсыныс қана. Қазіргі заңнама бойынша әйелдер әскери қызметке тек ерікті түрде, келісімшарт негізінде қабылданады. Ендеше, әйелдерді де міндетті әскери қызметке шақыру керек пе? Бұл бастамаға шымкенттіктер қалай қарайды?
Қазақстанда әйелдерді де ерлермен бірдей әскери қызметке шақыру жайы көтерілді. Бұл туралы бұрынғы қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаев пікір білдірді. Оның айтуынша, Отан қорғау – Конституцияда көрсетілген әр азаматтың міндеті, сондықтан бұл талап жынысына қарай бөлінбеуі керек. «Ондай кезде оның ер адам не әйел екенінің айырмасы жоқ», — деді ол. Алтынбаев әйелдердің жауапкершілігі жоғары екенін және олардың күш-қуаты да жеткілікті дейді.
МҰХТАР АЛТЫНБАЕВ, БҰРЫНҒЫ ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІ: «Сіздер күйеулеріңізді де жөнге салып, бала да дүниеге әкелесіздер. Сондықтан әйелдердің күші жетпейді деп айту қиын. Мен әйел генералдарды білемін. Күнделікті өмірдегі әйелдердің жауапкершілігі ерлерден жеңіл емес»
Бұл – әзірге ұсыныс. Әйелдерді әскерге баруға міндеттеу туралы ресми хабар жоқ. Жалпы Қазақстанда әйелдерге әскери қызметте жұмыс істеуге рұқсат берілген. Бірақ, ерікті түрде тек және келісімшарт негізінде. Қазіргі таңда әскерде медбике болудан бастап, басшылық қызмете отырғандары да бар. Тіпті десант, барлау, әскери авиация сияқты жауынгерлік бағытта да жұмыс істейді. Әйелдерді де әскерге баруға міндеттеу керек пе? Бұл туралы тұрғындар не дейді?
«Білмедім, әркімнің пікірі әртүрлі. -Сіз дұрыс емес деп санайсыз ба? -Мен үшін дұрыс емес. -Не үшін олай ойлайсыз? -Әйелін қызғану бар. Ол жаққа барған соң. Жас қыз болса, әке-шешесі шешеді. Біреудің әйелі болса, әркімге әртүрлі».
«Баратындар бара берсін. Біз бармаймыз».
«Мен керісінше келісемін. Өйткені, менің мысалы кезінде сондай арманым болып еді. Мен Отан қорғасам екен деген».
Қазақстанда әскерде қызмет ету арнайы заңмен реттеледі. Оған сай жылда 18-27 жас аралығындағы жас жігіттер шақырылады. Олар 1 жыл мерзімді әскери қызмет атқарады. Әскери қызмет және Қазақстан Республикасын қорғау әр азаматтың парызы мен міндеті.
Дегенмен, әскерден уақытша және тұрақты негізде босатылатындар бар. Мысалы, денсаулық жағдайы көтермесе, әскерге бармайды. Ол медициналық куәландыру кезінде нақтыланады. Біртуғаны әскери қызметін, мiндеттерiн атқару кезiнде қаза тапқан, қайтыс болған немесе оған бірінші немесе екінші топтағы мүгедектік белгіленген болса ол әскерге шақырылмайды.
Дилара Иса






