Úı ANONS Шымкенттегі шілде: Аулаларды салқындату жалғасып жатыр

Шымкенттегі шілде: Аулаларды салқындату жалғасып жатыр

 Аптап ыстықтан қажыған тұрғындарға төтенше жағдай қызметкерлері мен әкімдік өкілдері ерекше тосынсый жасады. Қаламыздағы көпқабатты үйлердің ауласы мен балалар ойнайтын алаңқайларға арнайы техникамен су шашып жатыр. Суға шомылып мәз мейрам болған балақайларды әріптесім өз көзімен көріп қайтты.

 

 

Ақжауын… Жоқ, бұл жаңбыр емес! Бұл — аптап ыстықта тұрғындарға салқындық сыйлаған құтқарушылардың «сыйы». Иә, күннің ыстығында бұдан асқан рахат жоқ шығар! Бүгін өрт сөндірушілер тек қызыл жалынды ғана емес, қаланы қарыған аптап ыстықтың да «жалынын» сөндіріп жатыр. Арнайы техникамен аулаларға су шашып, тұрғындардың, әсіресе балалардың көңілін серпітті. Қазір аула іші мәре-саре болған балалардың сыңғырлаған күлкісіне толы

 

Төбеден құйған салқын су балаларды мәз-мейрам күйге енгізді. Күннің ыстығына қарамастан үйге сыймай, далада ойнап жүрген кішкентай балақайлар бұл сәттің өздері үшін нағыз тосынсый болғанын айтады.

 

«Ыстықтап тұр едік. Достарымызбен ойнадық, жүгірдік. Жаңбыр жауғандай болды. Рақмет»

 

«Рақмет күшті болды, терлеп жүр едік. Жаңбыр жауғандай болды, күнде болсын»

 

Бұл бастамаға тек балалар ғана емес, ауладағы ересек тұрғындар да дән риза. Көрші-көлем жиналып, аптапта осындай салқындық сыйлаған ұйымдастырушыларға алғыстарын жаудырып жатыр.

 

ШОЛПАНАЙ ЕРҒАЛИҚЫЗЫ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Керемет, идея күшті кім ойлап тапса да. Мынадай ыстықта күшті болып жатыр. Көңіл күйіміз көтеріліп, бір салқындап, рахаттанып қалдық. Балаға қуаныш сыйлаған күшті ғой. Өзің де бала сияқты қуанып қаласың»

 

 

Мегаполис аумағындағы бұл науқанға жиырма арнайы көлік жұмылдырылды. Әр аймаққа жауапты мамандар бекітіліп, тұрғын үйлер маңында құтқарушылар су шашып жатыр.

 

БАҚДӘУЛЕТ МӘЛІК, ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ: «Балалар алаңшасына сушашпақ ұйымдастырып жатырмыз, бәрі демалыста болғанан кейін әкімдік пен Төтенше жағдай басқармасымен бірге бірлесіп, осындай іс-шара қолға алынып жатыр. Әлі де болады»

 

«Бұдан бөлек, қаладағы басты көшелер де арнайы техникалар көмегімен мамандар су бүркіп жүр. Ал ойын алаңдарында судан өзге, көпіршіктер ұшырылып, жеткіншектерге ұмытылмас жазғы қуаныш сыйлады. Шілденің аптабындағы бұл «жауын» шымкенттіктердің есінде ұзақ сақталары анық.

Қала тұрғындарына арналған тосынсыйдан қалалық тәртіп сақшылары да тыс қалмады. Полиция қызметкерлері су шашылған аймақтарды аралап, түскі уақытта кішкентайларға балмұздақ таратты. Сонымен қатар, бүлдіршіндердің суланған киімдерін сығып беріп, жанашырлықтың үлгісін көрсетті

Әсел Мәлік