Балаңыздың аузына кім түкірді?

Белгілі ғалым Бейсенбай Кенжебаевтың аузына ақын Мағжан Жұмабаев түкірген дейді. Қазақ ырымшыл халық. Кез келген жағдайға байланысты жасалатын жоралғылардан бөлек, неше түрлі ырым-тиымдар бар. «Ауызға түкірту». Ол қандай ырым?

Ертеден келе жатқан ырым бойынша, қазақ белгілі батырлар мен билерге, ақындарға, тағы басқа елге белгілі адамдарға жас сәбидің аузына түкіртіп алатын болған. Оның мақсаты – сәби сол адамдардай өнегелі кісі болсын деген ұғымнан туған. Бұл халқымыздың жақсы ниетінен туған ырым. Өмір салтымыздың ажырамас бөлігі. Ырым жолдары мен түрлері өте көп.

Мысалы шешен болсын деп аузына түкіру, отаншыл болсын деп туған жерге аунату, сондай болсын деп батырдың сарқытын жегізу немесе оның атын қою, ол отырған жерге отырғызып алу сияқты ырымдар бар. Бұл өз перзентінің, ұрпағының болашақта елге елеулі азамат болсын деген ізгі арманымен астасып жатыр. Мысалы Шыңғыс, Шоқан, Абай, Абылай, Бауыржан, Олжас, Сәкен, Қаныш есімдерін өз балаларына ырымдап қоятындар әлі де аз емес. Сонымен қатар, той, келін түсіруде балаларым осындай қуанышқа жетсін деп ырымдап нан, бауырсақ, кәмпит алып, оны немере-шөберелеріне апарып беретін әжелер қаншама.

Жасы 100-ге жеткен адамның киімін, ұстаған затын «осы жасқа келейік» деп үлестіріп бөліп беру де бар. Сол сияқты балалары шетінеп кете беретін ерлі-зайыптылар балаларына Күшік, Итбай, Итемген, Малай, Башай деген қолайсыз ат қойса өмірі ұзақ болады деп ырымдаған. Жалпы айтқанда, ырым ― халықтың сенімі мен ақ ниетінен, шын көңілінен туатыны белгілі. Бірақ кейде «Қазақ ырым етеді, ырым қырып кетеді» деп те айтып жатады. Бұл сөз ырымның бәрі бірдей орындала бермейтінін ескерткені деп түсіну керек. Ырымның барлығына бірдей сене беру де болмас.

Аты аңызға айналған, ел таныған ақындар мен шешендер, дуалы ауыз билер мен ақсақалдарға сәбидің аузына түкіртіп алу ежелгі дәстүрлі ырымдардың бірі. Бұл сенім ырымы болғандықтан ел ішінде әлі де жасалады және жиі айтылады. Сенім бойынша жоғарыда аталған адамдардың қасиеті мен өнері сәбиге өсе келе қонады деген түсінік болған. Бұл кейін балаға да, оның ата-анасына да әсер еткен және оны мақтаныш тұтқан.

Айта кету керек, белгілі ғалым Бейсенбай Кенжебаевтың аузына ақын Мағжан Жұмабаев түкіргендігі кітаптарда жазулы. Баласының болашағына үлкен үмітпен қарайтын үлкендер жағы «аузына түкірген» адам туралы баласының құлағына құйып отыруы, сол азаматтай үлгілі болу керектігін үнемі айтып отырады. Бәлкім содан да болар, ырымның нәтижелі болатыны бар. Осы орайда жазушы, журналист, қоғам қайраткері Мархабат Байғұттан аталған ырым туралы ойын сұрадық.

– Ырымы мен тиымы көп қазақпыз ғой. Әрқайсысының өзіндік орны мен тәрбиелік мәні бар. Ал ауызға түкіру ырымына келер болсақ, бұл ырым мен үшін жақын. Себебі, ел аралап, жер аралап жүргенде, «баламның аузына түкіріп беріңіз, өзіңіздей азамат болсын» деп өтініштерін білдіріп жататындар көп. Қанша баланың аузына түкіргенімді білмеймін, бірақ әрбір сапарымда аталған ырым алдымнан шығады. Баяғыда ақын, жазушы Асқар Тоқмағанбетов «менің бір түкіргенім – бір жылқы»,- дейді екен әзілдеп. Жылқы сұраған емеспін. Ниеттенген ата-ананың көңілін де қалдырмағанмын.

Ал қоңыр даусымен талайды тамсандырып жүрген әнші Бағдат Сәмединова да талай қыздың аузына түкіріп, ата-анасының разылығын алып жүргендігін айтады.

– Гастрольдік сапарлармен ауыл-аймақты көп аралаймыз ғой. Сол кездерде алдыма апалар кішкентай немере қыздарын алып келеді. «Аузына түкіріп бер, өзіңдей өнерлі қыз болсын,!»-

деп. Ақ адал өтініштерінен аттап кете алмаймыз ғой. Тікелей аузына түкірмесек те, маңдайынан иіскеп, бетінен сүйіп, «тіфә-тіфә» деген ырымын жасаймын. Кейінгі кездері арнайы тілек құрастырып алдым. «Дана бол, дара бол, бұрымды бол, қылықты бол, назды бол, сазды бол, мен секілді әнші бол!»-деймін де маңдайынан сүйемін. Тіпті кей жағдайларда тыңдармандарым хабарласып жатады, «Қызымның атын Бағдат қойдым, өзіңіздің құрметіңізге орай» деп. Өзім де бір жүкті келіншектің аузына түкіргенмін. Күлкілі жағдай әрине, бірақ өтініш білдірді, «қыз босанамын жақында, әлі дүниеге келмесе де түкіріп беріңіз, Сіздей әнші болғандығын қалаймын» деп қиылып болмаған соң өтінішін орындадым. Негізі бұл үлкен жауапкершілік қой. Жұрт өзіңді үлгі тұтып жатса, сол ниет пен сол ықыласқа сай болуың керек.

Міне оқырман, ілгеріден ілесіп келе жатқан осы ырымымыз бүгінде осындай көрініс тауып отыр. Сіз де балаңыздың аузына жақсы адамдарға түкіртіп алыңыз.

Ақмарал МЫРЗАХМЕТОВА

Біле жүріңіз… 

Тобық тығу

Бұл серттесіп ойнаудың бір түрі. Мысалы, жігіт пен қыз тобық тығып алтын сағатқа немесе қалы кілем беруге серттеседі. Бір жылдан кейін бе, бес жылдан кейін бе тобықты тығуға алған жігітке қыз кез келген уақытта, кез келген жерде «тобығымды бер» дегенде жерде қолына ұстатуы керек. Егер жігіт тобықты тауып бере алмай қалса – ұтылғаны . Ол уәде бойынша серттескен затын беруі керек. Бұрын мұндай ойындар ел арасында көп болған. Бұл ойын ұқыптылыққа, бір сөзділікке тәрбиелейді. Уәдеге беріктікті дәлелдейді.

Тобық жұту (дәстүр, ырым).

 Халықта қоян тобығын жұту ырымы ежелден бар дәстүр. Оның шарты тобықты жұтушы жас адам жұтар алдында:

Батыр болсам жүрегімнен шық,

Палуан болсам білегімнен шық,

Шешен болсам таңдайымнан шық,

Бақытты болсам маңдайымнан шық, – деп серттесіп барып ырымын жасайды. Халық ұғымында тобық қасиетіне қарай әлгі адамның айтқан жерінен шығады деген түсінік болған.

«Сатып алу»

Баласы тұрақтамаған отбасылар үшін баланы «сатып алатын» ырым бар. Бұл ырым былай жасалады. Елдегі бақсы, балгер кемпір әлгі үйге келіп, «менің баламды ұрлап алыпсыздар, өзім алам» деп нәрестені ата – анасының наразылығына қарамастан алып кетеді. Бір – екі күннен кейін баланың әке- шешесі әлгі кемпірге барып «бала сатып алады». Кемпір баланы керегенің астынан алып береді. Сөйтіп, бұл бала «сатып алынған» бала болып саналады. Ата-әжелеріміздің кейде «бұл баланы сатып алғанбыз» деп отыратыны содан қалса керек-ті. Баласы тұрмай жүргендерге бұдан басқа да жасалатын ырым бар. Мысалы, әлгіндей баланың өмірі ұзақ болсын деп жеті кемпірдің екі аяғының арасынан өткізіп алады. Мысалы, Кенен Әзірбаевтың Төрткен деген қызы бар. Оны да кезінде солай ырымдаған көрінеді. Оның шын есімі- төрт кемпір бір шал екен. Бұдан шығатын қорытынды, қазақ бала өсіруді бақыт санаған. Балалы болуды армандаған. Мұны «балалы үй базар, баласыз үй қу мазар» дегенінен – ақ аңғаруға болады.