Наурыз мерекесі жақындаған сайын дәстүрлі өнер туындыларына деген ықылас артып келеді. Түркістандағы қолөнершілер қалашығында еңбек ететін шеберлердің айтуынша, табиғи материалдардан дайындалған бұйымдарға сұраныс көбейген. Тері, металл, жүн, киіз, керамика және тоқыма өнімдерін алуға ниетті адамдар саны күн санап артып отыр.
Түркістандық зергер Сұлтанғали Темірұлы ұлттық стильдегі әшекей жасаумен он жылдан бері айналысып келеді. Ол күмістен өрнектелген, асыл тастармен көмкерілген алқа, сырға, білезік секілді әшекейлер дайындайды. Шебердің айтуынша, соңғы жылдары дәстүрлі әшекейлерге деген қызығушылық ерекше байқалады. Әсіресе көктемгі мереке қарсаңында тапсырыс көлемі айтарлықтай өседі.
СҰЛТАНҒАЛИ ТЕМІРҰЛЫ, ЗЕРГЕР: «Қазіргі таңда ұлттық бұйымдарға, қолөнерге қызығатын азаматтар мен азаматшалар көп. Қазір елімізде ұлттық киімдерді, ұлттық бұйымдарды тұтыну сәнге айналып келе жатыр. Наурыз айы келгенде тапсырыс бұрынғыдан екі есе көбейеді. Өзіміздің ұлттық би билейтін бишілерімізден де тапсырыс түсіп, солардың әшекейлерін, билегенде көрсететін көріністеріне қатысты бұйымдарын да жасап жатырмыз».
Ер-тұрман мен ат әбзелдерін әзірлейтін шебер Жанболат Сүйінбайдың еңбегі ат спортына әуес жандар арасында жақсы таныс. Оның жасаған бұйымдары тек елімізде ғана емес, көршілес мемлекеттерде де сұранысқа ие. Шебердің айтуынша, сапалы өнім әрқашан өз бағасын табады. Ол былғарыдан түрлі ұлттық үлгідегі заттар әзірлейді. Соңғы кезде кәдесый ретінде шағын тайқазан жасап шығаруды қолға алған.
ЖАНБОЛАТ СҮЙІНБАЙ, ШЕБЕР: «Сапасы мықты болса, әдемі, керемет болса, сұраныс өте үлкен. Біз енді бұрыннан келе жатқаннан кейін сапаға жұмыс істейміз. Әкем бала кезімізден бізге сапасы жақсы болуға үйреткен. Қарапайым тайқазандар үлкен сұранысқа ие. Солардың өзі Өзбекстаннан, Қытайдан келетін. Биылдан бастап біз өзіміз дамытып, тайқазандарды шығарып жатырмыз».
Түркістандық Мереке Айдарша кілем тоқуды жастайынан меңгерген. Оның айтуынша, бұрын ауылдық жерлерде бұл кәсіп кең тараған. Кейін арнайы білім алып, осы бағытта кәсіби түрде еңбек ете бастапты. Ол тек кілем тоқумен шектелмей, киіз бен сырмақ баса да алады. Соңғы кезде олөнершінің туындылары халықаралық көрмелерде де көрсетіліп жүр.
МЕРЕКЕ АЙДАРША, КІЛЕМ ТОҚУШЫ: «Қазір мынау тоқып жатқан кілем — Арабы кілем деп аталады. Тақыр кілем деп те айтылады. Сапасына қатты мән беремін. Өйткені технология дамыды қазір, сұраныс жақсы. Сатып алушылар да табиғилығына, технологиясына мән беріп, алады. Таза қойдың жүнінен иіріп, табиғи бояумен боялып жасалған. Кейде арасында жұмыстарым болып қалады, қадалып отыратын болсам, 2 айда бітіруге болады».
Мерекенің ізін жалғар жас шәкірттері де бар. Сол арқылы ұлттық өнерді дәріптеп жүрмін дейді шебер. Қазір оқушылары ши тоқудың әдісін меңгеріп жүр.
АРУЖАН АБИЛАЕВА, СТУДЕНТ: «Осы ши тоқуда бірінші ақ параққа композициямызды саламыз. Суретімізді салып біткен соң шиімізді дайындаймыз. Суретіміздің оюына жүндерді бояп, осылай ши тоқимыз».
Түркістан облысында бүгінде 130-дан астам қолөнер шебері бар. Олардың көпшілігі өз үйлерінде шағын шеберхана ашып, ұлттық бұйымдар жасап келеді. Ал Түркістандағы Қолөнершілер қалашығында киіз өңдеу, жүн иіру, керамика, ағаш ою, былғары және кілем тоқу бағытындағы арнайы шеберханалар жұмыс істейді.
Ботакөз Әнуар






