Байғазы беру ескіліктің белгісі ме?

2555
Байғазы, сыйлық алу көңілді серпілтеді

Сайрам ауданының тұрғыны Момынкүл апа:
«Жақында бір құрбымның үйіне қыдырып барған едім, ас үйде тамақтанып отырғанымызда немере қызы жүгіріп келіп, сәлемдесіп, үстіндегі көйлегін жаңа ғана сатып алғандығын айтып, «көрімдік беріңіздер» деді. Бастапқыда мен сөз мәнісін түсіне алмадым, кейінірек байқағаным, оның «көрімдік» дегені қазақтың жоралғыларының бірі — байғазы екен ғой. Байғазымды беріп, оған асықпай бұл дәстүр жайында түсіндірдім.
Қазіргі жастар «байғазы» дегеннің не екенін де білмейді, тіпті оны «көрімдік» немесе «сүйінші» деп шатастырып жататындар жетерлік. Міне, мені алаңдататын да осы мәселе. Сондай-ақ менің түсінбейтінім, бүгінгі ата-әжелер мен аға буын өкілдері халқымыздың осындай әдеп-ғұрыптарын жастарға неге дәріптемейді?! Әлде онымен бас қатырғысы келмейді ме?! Мейлі солай-ақ болсын, мектептегі ұстаздар қауымы мен БАҚ өкілдері насихат жүргізсе болады ғой. Әрине, сіздер мен біздер болып аталған мәселені шешуіміз керек. Еліміз егемендік алған тұста ата-бабаларымыз саф алтындай сақтап келген салт-дәстүрімізді ұмыт қалдыруымыз ұят. Сіздерден өтінерім, байғазы берілетін сәттерді, оның «сүйінші» мен «көрімдіктен» айырмашылығын және олардың қандай жағдайда сыйға тартылатынын жіліктеп жазсаңыздар екен… «-деп хат жолдаған болатын.

Осындай оқырмандарымыздың хатын алған біздер «байғазы беру» туралы жазуды жөн көрдік. Бүгінде біз аталған дәстүрді қаншалықты дәріптеп жүрміз? Осы бір салтты ел арасындағы қолданыстан көріп жүрміз бе? Оның орындалу тәртібі қандай? Осындай сауалдар төңірегінде ойға қалдық…
Байғазы — жасы кіші адамның (көбінесе балдырғандар мен жас балалардың) үлкендерден, аға-әпкелері мен ата-апаларынан алатын сыйлығы. Бұл жоралғы жастардың жаңа киім киген сәтінде, не болмаса көңіл қуанатын заттарға ие болған жағдайда еркелеп келіп, «апа, жеңеше, көке, байғазы бер» деп сұрап алуы арқылы орындалады. Мұндайда өзі ғана қуанып қоймайды, өзгелер де қуанышына ортақтасады. Қолма-қол сый ұсына алмаған жағдайда үлкендер «байғазың — мойнымда» деп, ізгі тілек айтып, қуанышын бөлісіп жатады.
Естеріңізде болсын, байғазы сұраудың еш сөкеттігі жоқ, қайта үй ішіндегі отбасылық сыйластықты арттырып, тамаша көңіл-күй сыйлап, бір серпілтіп тастайды. Осы сәтті тиімді пайдаланатын жеңгелері, шешелері деумен өздерінің мәрттігін танытқан.
Бүгінде кейбір жастар байғазы беруді «көрімдік», «сүйінші» деген дәстүрлермен шатастырып жатады. Алайда бұлардың «ережелері» мен орындалу барыстары да әрқилы. Яғни аталмыш ғұрыптарды шатастыруға еш негіз жоқ. «Көрімдік» деген жаңа туған нәрестені, сондай-ақ жаңа түскен келінді алғаш көрген мезетте берілетін сый болып табылады. Ескере кететін жәйт, ұзатылатын қыздың жасауына күйеу жағынан келген құдалардың тартуы түрінде берілетін айрықша сыйды да көрімдік дей берміз. Мұндай жағдайда да сый тартқан адам өздерінің ұялып қалмау жағын да, жол-жорадан жығылмауын да ойластырады.
Сүйінші сұрау салты өте қуанышты хабарды жеткізу кезінде орындалады. Мәселен, сол қуанышты хабарды жеткізуші адам үйге «Сүйінші, сүйінші!», — деп кіреді де, тиесілі жаңалығын жеткізеді. Бұл сөз тосыннан естілсе де үй ішіндегілерді шошындырмай, қайта қуантады. Сол кезде үй иесі: «Қалағаныңызды алыңыз» дейді немесе ол риза болатындай бір жақсы сыйлық береді. Сүйінші алудың да еш сөкеттігі жоқ.

P.S. Cонау ықылым заманнан-ақ, Қазақтың салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары мен ырым-тыйымдары елді ауызбіршілікке, тәрбиелілікке, сыйластыққа үндеген. Әрбір дәстүрдің тереңіне үңілсек, әрқайсысы өз алдына мән-мағынасы, маңызды мақсатымен ерекшеленеді. Сол себепті ата-бабаларымыздан аманатқа қалған ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүрлерімізді өз дәрежесінде қадірлеп, қастер тұту — біздің басты міндетіміз. Жоғарыдағы жазылым арқылы байғазы берудің қаншалықты қымбат екенін түсіндіруге талпындық. Осы ұсынылған тәртіп бойынша жастарды үлкендерден байғазы сұрауға шақырамыз. «Дәстүрден безген ел оңбас» демекші, тереңі тұнықтық пен сыйластыққа толы дәстүрімізді көзіміздің қарашығындай сақтап, осы арқылы келешекке адастырмас бағыт берейік.

Тақырыпқа тұздық…

Нәсіпханым КАМАЛҚЫЗЫ, педагогика ғылымдарының кандидаты, М.Әуезов атындағы ОҚМУ профессоры:
— Байғазы беру — халқымызға ежелден сіңісіп кеткен тұрмыс-салт қағидалары. Оны берудегі басты мақсат — адамдар арасындағы арақатынасты жақсарту, үйлесімділік орнату.
Байғазы, көрімдік, сүйінші сөздерінің әрқайсысы өзіндік ұғымға ие. Байғазы көбінесе жансыз дүниеге қатысты айтылса, көрімдік адамға, жандыға қатысты қолданылатын түсінік, сонымен бірге сүйінші жақсы хабарға берілетін сыйлық екенін ұмытпағанымыз жөн. Сайып келгенде бұлардың барлығы — жақсылық құбылысы.
Қазіргі таңда халық арасында байғазы берудің қолдану аясы айтарлықтай кең емес. Олай дейтін себебім, бүгінгінің адамдарына әр күн сайын жаңа киім алып, заттарын жаңалап жатуға мүмкіндік туды. Сондай-ақ қолданылған киім немесе бұйымдарын қоқысқа апарып тастайтындар да кездеседі. Оны қоқысқа тастамай-ақ туыстарына, я болмаса жора-жолдастарына беруді ұят санайды. Өйткені олар «бізге ескісін берді» деп, теріс түсінікке бой алдырып, ренжитіндері де бар. Әркімнің көзқарасы әр түрлі. Кейбір тұрғындар қайта оны жанашырлық деп танып, пайдасына асырады. Бұрындары жаңа киім сатып алу деген анда-санда орын алатын. Сондықтан да байғазы берудің орны ерекше болды. Кішкентайлар үлкендерден қалғанын киіп, соған місе тұтатын. Оны білетін үлкендері киімдерін ұқыпты, таза киюге барынша тырысқан. Тіпті мен де 1-сыныпқа қадам басқанымда әпкемнің қолдан тігілген мектеп формасын кигенмін. Анам мен жеңгем бізге үнемі киімдерді өздері қолдан тігіп беретін. Әлі есімде, сол киген форманың етегі мен жеңі көлденеңнен қатарлап тігілген еді. Оны жыл сайын әрбір қатарын сөгіп, лайықтап киетінбіз. Міне, осылайша болашақты бағамдап тігілген киім үлгілерінің өзі баланы байғазы сұрауға тұрарлықтай қуанышқа бөлейтін еді.

Арайлым БАУЫРЖАН, студент:
-Шынымды айтсам,»байғазы беру» деген салтты естіген емеспін. Тіпті бұл жайында ата-анам да айтқан емес. Бәлкім, үлкендер КСРО кезеңінде тәрбиеленгендіктен болар, әйтеуір көптеген әдет-ғұрыптарымызды біле бермейді. Алайда мен осыдан екі күн бұрын кітапханадан ата салтымыз жайында кітап алдым. Алдағы уақытта осындай кітаптарды оқып, салт-дәстүр жайындағы сауатымды толықтырсам деймін. Себебі, ұлысымыздың ұйытқысы атанған Оңтүстіктің тұрғыны бола тұрып, ұлттық құндылықтарымызды ұмыт қалдыру бізге еш жараспайды ғой.

Нұржан САРИЕВ, Шардара ауданы, Т.Айбергенов атындағы жалпы мектептің мұғалімі :
-Әрине, кез келген қазақ баласы өз салтын жетік білуі қажет. Олай болмаған жағдайда ұлт қадір-қасиетінен, мәртебесінен айырылатыны хақ. Өз басым мұндай дәстүрлерді жақсы білемін, студент кезімізде де көп ізденетінбіз. Ата-әжелеріміздің де айтқандарын құлағымызға құйып өстік. Ал байғазы — жастардың бір жаңа киім немесе жаңа зат сатып алғанда үлкендер тарапынан алатын сыйы. Жасыратыны жоқ, бастапқыда мен байғазы беруді көрімдік берумен шатастырған едім. Қазір екеуінің екі жоралғы екенін және қайсысы қай уақытта берілетінін анықтап айта аламын. Алайда осы уақытқа дейін өзім байғазы алып көрмеппін.