Облысымыздың грек-рим стиліндегі балуандары Семейде өткізілетін Қазақстан Кубогіне соңғы дайындықтарын жүргізуде. Бұл үшін оңтүстік құрамасы тіпті Өзбек елінің жастар құрамасын да шақырып тәжірибе алмасуда.
Жаттығудың өзінде қарсыласына дес бермей жүрген 66 келідегі Асхат Жаңбыров алдағы дүбірлі додаларда алтын медальға негізгі үміткердің бірі. Азия біріншілігінде екі рет жүлдегер атанған жас балуан бабында екендігін айтады.
Қарашаның 4 мен 6-сы аралығында ересектер арасында өтетін ел біріншілігінде топ жарғандар сонан кейінгі Елордада лицензия үшін болатын жарыста бақ сынауға тікелей мүмкіндік алады.
Өзбекстан жастар құрамасын алып келген бапкерлер де Оңтүстік Қазақстандық балуандардың деңгейінің жоғары екендігін айтады. Халықаралық байқауларда негізгі қарсыластарымыздың бірі болып жүрген құрама қазақ грек-рим шеберлерінен көп нәрсе алуға болатынын айтады.
Фуркат ИСАЕВ, Өзбекстан жастар құрамасының жаттықтырушысы;
Қазақ балуандары әсіресе оңтүстік қазақстандық балуандарды бұрыннан жақсы танимыз. Негізі өз қарсыластарын мақтауға болмайды деп жатады. Бірақ қазақ шеберлерінен біраз нәрсе үйренуге болады. Сіздердің құрамаларыңыз әлеуеті жағынан, таланттар жағынан немесе бапкерлерімен де мақтануына әбден болады.
Егер балуандарымыздың бағы жанып, жоғары нәтижеге қол жеткізер болса, онда енді өркендеп келе жатқан облыстық қазақ грек-рим күресінің мерейі асқақтай түсері анық.