Отырар музейі 1

Желтоқсан айының 16-нан бастап Отырар ауданындағы жергілікті музей Әбу Насыр әл-Фараби атындағы мұражайға айналады. Мұндай ақпарды таяуда Отырар ауданында болған «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» тойына келген қонақтарға жергілікті әкімдік мәлім етті.

Әбу Насыр әл-Фараби атындағы мұражайда негізінен ғалымның жазып қалдырған жазбалары мен трактаттары сонымен қатар, әл-Фараби заманындағы археологиялық һәм этнографиялық құнды дүниелер жайғастырылуда. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы күнінде тұсауын кеспек мұражайда сондай-ақ, пәлсапашының қорымынан әкелінген топырақ та бар. Жалпы, Отырар өңірінен Әбу Насыр әл-Фарабиден бөлек 30-дан аса Фарабилер бар.

Игі істің барысымен танысқан құрметті қонақтардың бірі, белгілі ақиық ақын Мұхтар Шахановтың сөзінше, біздің қоғам Әбу Насыр әл-Фарабидің еңбектерін толығымен әлі де болса зерттей алмай келеді. Оның сөзінше, әл-Фарабидің бізге осы кезге дейін беймәлім 150-ден аса әндері бар. Оны қазір араб елдері тауып, шырқап жүрген көрінеді. Жаңадан ашылған мұражайдың басшылары алдағы уақытта осы мәселлерді ескереді деп үмтіттенетінін айтты қоғам қайраткері.