Батпаққа белшеден батқандардың мұңын еститін құлақ жоқ

Қазығұрт шағынауданындағы батпақ 1

«Батпаққа батып қалдық! Көшеміздің арғы бетінен бергі жағына өту мұң!». Шымкент қаласының Қазығұрт шағынауданының «Сұлтанмахмұт Торайғыров», «Жастар» және «Ақан сері» көшесінің тұрғындары редакциямызға дәл осылай шағымданып қоңырау шалды.  Жанайқайын тыңдап, елдімекеннің тұрғындарымен кездестік.

«Отырар» телеарнасының түсіру тобымен бірге көлігімізден түскеніміз сол, лайға батып әбден қалжыраған тұрғындар шу ете қалды. Арасында жағдайға біз кінәлідей өкпелі жанармен қарап, томсырайып жүргендері бар. Мәселеге түсінік берер қалалық техникалық инспекциясының маманын жанымызға ертіп алған болатынбыз. Бір кезде оған сол ауылдың тұрғыны Жаубасар аға «жағасынан алғандай» күй кештірді. Айтуынша, жаңа талапқа сәйкестендіріліп жатқан газ құбырларының бетін мердігер мекеме дұрыс жаппауда. Төсеген құмды-лайлы тастар тым үлкен. Жаңбыр жауды дегенше, жердің миы шығып, батпақтайды да қалады.

Жаубасар КӨШІКБАЕВ, «Қазығұрт» шағынауданындағы С.Торайғыров көшесінің тұрғыны: «Көшемізге осыдан бір ай бұрын газқұбырларын реттеуші мекеме төмпешік-төмпешік етіп тас төгіп тастады. Оның көбін әлі жайған да жоқ. Нәтижесінде, лайға батып, қиналып жатқан жайымыз бар. Өткенде, бір апамыз шалқасынан құлап қалды. Көшемізбен жедел жәрдем жүрмейді. Балалар болса, мектепке бара алмай қалды. Көлікпен жүруді қойдық десем де болады. Бұл не деген сұмдық?! Төсеген тасының түрі әне, адамның басындай. Ондай таспен балшықтағанмыз-балшықтаған ғой… «

«Қазығұрттағы» мәселенің мәні мынадай. «Газ құбырларын мемлекеттік модернизациялау» бағдарламасына сәйкес «Қазығұрт» шағынауданындағы 17 көшеде жаңа жобаның жұмыстары жүріп жатыр. Ол бойынша, жер бетіндегі газ құбырларының барлығы жер астына жасырылуы керек.

Ауа райының күрт өзгеріп, нөсерлетуіне байланысты ісіміз тоқтап қалды деген «ГазСпецМонтаж» мердігер мекемесі айдың аяғына — 27 қарашаға дейін істі оңалтатынына уәде етті. Жағдайдың барысын қалалық техникалық инспекциясы бақылауға алғалы қашан?! Айтуларынша, мекеме бұл жұмыстарды 1 қарашада-ақ аяқтауы тиіс екен. Дегенмен, себебін алға тартқан «ГазСпецМонтаж»-ға құзырлы орын мүмкіндік беріп отыр. Белгілі мерзімде уәдесінен шықпаса көлемді дәрежеде айыппұл салынатынын да еске салды. Бұл сөзді бізге тұрғындармен кездескен қалалық техникалық инспекцияның маманы Гүлсина Бердібекова айтты.

«Қазығұрттағы» «С.Торайғыров», «Ақан сері» және «Жастар» көшесінің тұрғындарына шамалы шыдаңыздар деп қайттық. Айтпақшы, аспаннан тамшы тамды дегенше, абыржып қалатын тұрғындардың қатары қала орталығындағы «Дизельная» көшесінде де бар. Балшыққа иленген көшелер Сіздің елдімекенде де бар шығар. Батпаққа батып, қиналып жүргеннің біреуі Өзіңіз болсаңыз, сайтымызға көшенің аты мен мекенжайын толық жазып, хат жолдаңыз. Құзырлы орындар жіберіп жүрген олқылықты Сіз бен Біз болып, бірге түзеуге тырысайық…