Жаңалықтар 

Жанармай тапшылығы қолдан жасалыпты

Оңтүстікқазақстандық жанар-жағармай өнімдерін құю стансаларында бензин тапшы деген сөз негізсіз болып шықты. Респбликалық бәсекелестікті қорғау агенттігі біздің өңірде тапшылық қолдан жасалған деп тапты. Яғни, өңіріміздегі жанар-жағармай құю бекеттерінің иелері өзара уағдаласып, бензин тапшылығын туғызған. Осылайша, аталмыш агенттік ағымдағы жылдың шілде айында 9 май құю бекеті өз пайдасы үшін сұйық отынды әдейі бөлшек саудаға шығармай қойғандығын анықтады. Сөйтіп, бірқатар мекемелердің ісін сотқа берді.

Егер де жанар-жағармай құю бекеттерінің иелері агенттік анықтаған, қол қойып, мөр басқан қорытындымен келіспейтін болса, олар мұны сот алдында дәлелдеуі қажет. Ал уәжі заң жүзінде дәлелденбесе, кәсіпкерлер ірі көлемде айыппұл төлейді екен.

Монополияға қарсы агенттік мамандарының айтуынша, нарықта шын мәнінде сұйық отын тапшылығы орын алған жағдайда ғана бензин талон арқылы босатылады. Мұндай жәйттер облыста жанар-жағармай қоры таусылуға жақын қалып, жаңасы әкелінбеген кезде ғана жүзеге асырылуы тиіс. Ал басқа кезде бензинді талонмен босатуға тиым салынады.

Сондай-ақ қалада бұрынғыдай сұйық отынды тек талонмен өткізетін жанар-жағармай құю бекеттері бар. Соңғы уақытта күндіз бензин құйып үлгермеген жағдайда, кешке бекеттегі сонар кезекке тап боласыз. Бәсекелестікті қорғау агенттігі қолдан жасалған бензин тапшылығы болмас үшін мұндай жағдайда шағым түсіру керектігін алға тартады. Сонда олардың жұмысын сарапшылар тексеруге ала алады.

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz