Орталық мешiт өкiлдiгi облыстағы аудандық мешiттерге 30 мыңнан аса дiни кiтап таратты. Тегiн үлестiрiлген шығармалар Исламдағы «Әбу Ханифа» мәзхәбына кеңінен түсінік беріп, діндегі экстремизм, кері ағымдар жайында ақпарат береді. Барлығы да Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасының (ҚМДБ) мақұлдауынан өткен.
Бейбіт МЫРЗАГЕЛДИЕВ, облыстың бас имамы: «Облысқа қарасты 15 аудандағы халықтың орналасу тығыздығына байланысты кітаптар әр түрлі санмен таратылуда. Мәселен, бір ғана Мақтарал ауданына 2 мың кітап бөлінді. Сол сияқты, Сарыағаш, Сайрам аудандарына 3-4 мыңнан діни оқулықтар беріліп жатыр. Осылайша, облыстағы орталық кітапханалар мен жоғары оқу орындары, мәдениет үйлері және аудандық мешіттердің барлығы да тегін кітаптармен қамтылуы шарт. Бұл өз кезегінде мұсылман бауырларымыздың діни сауатының терең болуына жағдай жасайтын мүмкіндік деп ойлаймын».
Діни оқулықтардың ішінде отбасы, бала тәрбиесi туралы да мағлұматтар мол. Осы күнге дейiн 20 мыңнан аса Ислам кiтаптарын таратқан облыстық мешiт мұндай шаралардың үш ай сайын жүргiзiлетінін еске салады. Айта өтейік, діни шығармалардың барлығы Исламды қолдау мәдени қорының көмегімен әкелініп отыр.