Үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы бағаланды

Ауған соғысының ардагерлері

1-желтоқсан азаматтық қоғам күні. Оңтүстікте атаулы дата алғаш рет атап өтіліп отыр. Оның Тәуелсіздік меретойымен тұспа-тұс келгені, аталмыш датаны дүбірлетіп тойлауға мүмкіндік берді. Өйткені егемендік алғаннан кейін үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы қарқынды қадаммен басталды. Айта өтсек, Тәуелсіз еліміздің өркендеуіне қоғамдық институттардың қосқан үлесі сүбелі.

Егемендігіміздің 20 жылдық мерейтойына орай, «Тәуелсіздіктің 20 шыңы» — жұлдызды 20 күн аясында үкіметтік емес ұйымдар, кәсіподақтар және басқа да азаматтық қоғам институттарымен атқарылған жұмыстардың қорытындысы жасалды. Елеулі еңбегімен көзге түскен түрлі ұйым жетекшілері мен мүшелері аталмыш шарада марапатқа кенелді. Алғашқылардың бірі болып, Азаматтық Альянстың облыстағы төрайымы Клара Әліпова мадақталды.

Клара Әліпова -«Азаматтық Альянс» ҮЕҰ ОФ төрайымы:

Үкіметтік емес ұйымдардың бүгінгі қоғамның дамуына қосқан үлесі мол. Билікке көмекші, азаматтарға сүйеніш болған қоғамдық институттардың күшімен көптеген мәселелер шешіліп келеді. Сондықтан қалың қауым азаматтық қоғамның қажеттілігін сезіне бастады.

Бұл күні ардагерлер кеңесінің мүшелері мен жетекшілігі, жастар ұйымының өкілдері, кәсіподақ мүшелері, ішкі саят басқармасының қызметкерлері мен ауған соғысының ардлагерлері де марапаттан құр қалмады.

Дәл бүгінгі қоғамда Азаматтық институттардың қажеттілігі басым болып тұр. Жығылғанға тіреуіш, сүрінгенге сүйеніш бола білген үкіметтік емес ұйымдардың осы күнге дейін ұйымдастырған шаралары мен түрлі акциялары ел аузында. Мемлекет басшысы да биылдан бастап, министрліктерге азаматтық институттармен тығыз қарым- қатынас орнатуды тапсыруы да тегін емес.