Бюджетті облыстық мәслихаттың депутаттары 47-сессияда бекітті. Оның көлемі 231 млрд. 429 млн. теңгені құрады. 2011 жылмен салыстырғанда бұл 20,7 млрд. теңгеге көбейген. Облыстық бюджетті бекітуді талқылау барысында депутаттар сессияның жұмысына қатысқан облыс әкіміне ұсыныстарын жеткізді.
Аманолла Раманқұл, облыстық мәслихаттың депутаты: «Шардара ауданындағы Алтын төбе ауылына газ құбырын тартуға 800 млн. қаржы керек. Бұл мәселе келер жылы шешілсе деген ұсынысым бар.»
Облыстық бюджет тұрақты комиссияларда жіті қаралғандықтан сессияда бірауыздан қабылданды. Бұдан бөлек күн тәртібіне енгізілген 17 мәселе де кешегі комиссияларда қызу талқыланғандықтан, олар бойынша шешімдер де мақұлданды. 4-шақырылымдағы депутаттардың өңіріміздің экономикалық әлеуметтік ахуалына қосқан үлесі зор екендігін атап өткен облыс әкімі оларға салтанатты түрде ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына мемлекеттік медальді табыс етті.
Облыстық мәслихаттың тартуы да депутаттардың көңілінен шықты. Белсенділерге Грамота мен естелікке сыйлық табыс етілді.
2,5 млн. халқы бар өңіріміздің өркендеуіне сүбелі үлес қосқан депутаттарды алдағы шақырылымда да көреміз деген үміт бар жиналғандарда.