Оңтүстік астанадан аттанған жүрдек пойыздың жолаушылары «мұндай вагонмен жүргеннен, жаяу келгеніміз артық» деп отыр. Алматы Шымкент бағытында жаңадан қосылған отарбада біршама олқылықтар орын алды. Алматы-Шымкент бағытына жаңа қосылған 59/60 номерлі поезд кешкі 9-да Алматы вокзалынан аттанған. Шым қалаға күндізгі 11- де жеткен жолаушылар «жанымызға жай таппадық» дейді.
Анар Жұманова, жолаушы: Не жылу жоқ, біріншіден. Келгенше Алматыдан Шымкентке дейін мүлдем свет қосылған жоқ. Іші өте суық болды. Постельсіз келдік. Матрац жоқ, одеяло жоқ. Тазалық мүлде жоқ. Мүлде жуылмаған.
Жолаушы ағыны жиілеген соң жүргізілген жүрдек поездға билет бағасы да өзгелерден қымбаттау.
Роза Тұрлыбекрва, жолаушы: Билет сатып алғанда кассада бізге «алғаш жүріп жатқан, барлық жағдай жасалған. Люкс поезд» деген болатын. Мінсек, мүлдем ондай болмай шықты. «Жатын купеге» билет алғанбыз. Онысы кәдімгі купе боп шықты.
Жолаушылар тасымалдайтын компания өкілдері мұның бәрін жоққа шығарғанымен, вагондардың ішін көрсетуден бас тартты. Шойынжолдағы жаңа бағытты іске қосқан компания өкілі өздері жолға шығарған вагондардың ішіндегі жағдайдан мүлдем байхабар екен. Төсек-орын тапшылығын, айтпағанда, поездағы жарық пен жылудың жоқтығын «болмашы кемшіліктер» деп, оны қысқа уақыт ішінде түзетуге уәде берді.
Орынбасар Байжанов, «ҚазТрансГрупп» ЖШС ОҚО бойынша өкілі: Мен бұл поезға мінгенім жоқ. Оны Шымкенттен күтіп алып тұрмын. Жұмыс бастағанда болмашы кемшіліктер орын алады ғой. Мен бұл бағыттың Алматы -Шымкент арасында жолаушы тасымалының үздігі боларына сенімдімін.
Алайда, берілген уәденің ғұмыры ұзаққа бармады. Жұма күні жолаушыларды зарлатқан поезд жексенбі күні мүлдем бағытқа шықпай қойған. Салдарынан, жүздеген жолаушының біразы жолдан қалып, 59/60 бағытына Шымкенттен сатылған 73 билет кассаға қайтарылған. Шойынжолда жаңа қосылған бағыт уақытша тоқтап қалыпты.