«3-желтоқсан күні сағат 19.30 шамасында Алматы облысы, Іле ауданына қарасты Боралдай кентінде тағы да ірі қылмыстық оқиға орын алды. Аса ауыр қылмысқа күдікті бірнеше адамды ұстау кезінде қарақшылар қарсылық білдіріп, тәртіп сақшыларына оқ жаудырған. Жексенбі күні бас прокуратура осы оқиғаға қатысты түсінік берді. Атыс кезінде жеті адамның қаза тапқаны айтылды. Оның бесеуі қылмыстық топтың мүшесі делінсе, екеуі ҰҚК-нің «Арыстан» арнайы жасағының қызметкері екені хабарланды.
Оқиға Боралдайдағы Шпак көшесі, 43 үйді арнайы жасақ қоршауға алған кезде өрістеген. Бас прокуратураның мәлімдеуінше, қоршауға алынған топ мүшелері қарашаның 8-інде Алматыда екі полиция қызметкерін өлтірген және тағы да зорлық әрекеттерін іске асыруды жоспарлаған.
Арнайы операция 23 сағат 50 минутта аяқталған. Бас прокуратура кешегі баяндамасында «террористік топтың жетекшісімен қоса басқа да мүшелерінің көзі жойылғанын», «мәйіттерді анықтау жұмыстары жүргізіліп» жатқанын хабарлады.
Сонымен қатар ұйымдасқакн қылмыстық топтың басшысы, 1977 жылы дүниеге келген Ағжан Хасен биылғы жылдың 28-қазанынан бері құқық қорғаушылардың іздеуінде болған. Оған сол кезде қылмыстық кодекстің 233-2 (терористік топ құрып, оның белсенді мүшесі) деген айып тағылған болатын.
Қазір Боралдайдағы оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 96 (адам өлтіру), 251 (қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру), 237 (бандитизм) баптары бойынша қылмыстық істер қозғалған.
Бұл қарашаның 12-сінде Таразда болған терактіден кейін екінші рет Алматыға жақын маңда жүргізілген ірі операция болып табылады.