Боксшы Біржан Жақыповтың Олимпиада жүлдесінен үміті бар

245
Демалысқа уақыт жоқ. Тынбай еңбектену қажет.

Біржан Жақыпов — оңтүстік үміті. Боксшы Лондон Олимпиадасына жолдама жеңіп алуы тиіс оңтүстіктен жалғыз боксшы. Осыған дейінгі Әлем Чемпионатында жерлесіміздің жолы болмады. Алайда жолдамаға үміт әлі де бар. Жолдама үшін келесі талас ел ордамызда өтеді. Азия Чемпионатында Біржанның жолы болуы тиіс деп сенеді оңтүстік жұртшылығы. Былғары қолғап шеберінің өзі де осы мақсатты көздейді. Сол себепті де ол кезекті жарыстан келе салысымен жаттығуларға қайта шықты. Өйткені демалуға уақыт жоқ. Қателікпен жұмыс жасауы қажет.

Оның үстіне ол жуырда ғана Лондонда өткен халықаралық жарыстан оралды. Бұл дода 2012 жылғы Олимпиада ойыны жоспарланған бокс залында өткен болатын. Бұл жолы біржан чемпион атана білді. Бұл қуанышты хабарды ести салысымен-ақ жерлесімізбен сұқбаттасуды жөн санадық.

тілші: Біржан, биылғы жыл оңай болмады. Келісесін бе?

— Ия, биыл сәттіліктермен қатар сәтсіздіктер де қатар жүрді. Әлем Чемпионатына үміт артқан едім, жолдамаға қол жеткізе алмадым. Ең бастысы қиындықтарға мойынсынбай, ары қарай қателіктермен жұмыс жасау қажет. Бүгінде осы бағытта дайындалып жатырмыз. Алда Азия Чемпионаты күтіп тұр. Сол турнирде Лондон Олимпиадасына жолдама жеңіп алып, облыс үмітін ақтаймын деп ойлаймын.

тілші: Жуырда ғана Лондонда өткен «тест турнирде» жеңіс тұғырына көтеріле біліпсін.

— Лондонда халықаралық жарыс болды. Бұл турнирге әр елден арнайы шақыру бойынша үш-төрт боксшы ғана шақырылыған. Қазақстаннан да үшеуміз бардық. Аллаға шүкір, үш жекпе жек өткіздім, сөйтіп оның үшеуінде де жеңіске жете білдім. Оның арасында Олимпиада ойындарына жолдама жеңіп алған боксшы да болды. Ол дегеніміз, дайындығым қазір жаман емес.

тілші: Бүгінде Лондон Олимпиадасына жолдаманы оңтүстік жұртшылығы жалғыз өзіңнен күтіп отыр. Облыс үмітін арқалау психологиялық тұрғыдан да оңай емес шығар.

— Әрине, оңай емес. Алайда, қандай қиын болмасын облыс, ел үмітін ақтау үшін тер төгіп жүрміз. Қазіргі таңда, облысымызда епті жас боксшылар жетерлік. Әсіресе үш-төрт спортшы бар. Оларға көптеп қолдау көрсетіп, дұрыс бағытта жұмыс жасай білсе болашақта чемпиондардың қатары көбее түсетініне сеніммен қараймын. Облыс намысын қорғайтын боксшылардың көп болғаны жақсы ғой.

тілші: Жарыстан келе салысымен жаттығуға қайта кірісіп кетіпсің?

— Демалуға уақыт жоқ. Ең басты мақсат облыс, елдің үмітін ақтау үшін жолдама жеңіп алу. Бұл күндері барлығын соған жұмсаймын. Жолдама жеңіп алсам, бұйырып жатса Олимпиада медаліне де қол жеткізсем деген арманым бар.

Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы, жерлесіміз Мырзағали Айтжановты да бокс залында жолықтырдық. Ол бір-екі күнге үйіне демалысқа келіпті. Сондай-ақ оңтүстік боксшыларының да дайындығын бапкер назарынан тыс қалдырмады.

тілші: Лондондағы халықаралық жарыс көңілден шықты ма?

— Бұл турнир Олимпиада ойындары өтетін спорт кешенінде өтті. Бұл жарыстың мақсаты Лондондағы басты дода алдында боксшылардың дайындығын тексеру және де дүбірлі сайыстың ұйымдастырылуы да назарға алынған. Біз мұндай турнирлерді «тестілеу» деп атаймыз. Бұл жолы 20-ға жуық елдің боксшылары қолғап түйістірді. Біздің елден 3 боксшы қатысты. Сонымен қатар Дариға Шакимова есімді боксшы қызымыздың да ептілігін байқадық. Ол екінші орынға ие болды. Ақтық сында қарсыласына жеңіліп қалды. Десек те оның жұдырықтасуына көңілім толды. Ал Біржан болса биылғы Азияның жүлдегерін жеңіп, жартылай финалда Олимпиадаға жолдама жеңіп алған Тайланд боксшысынан басым болды. Ал ақтық кездесуде өзбек спортшысын жеңді. Нәтижесінде 2 алтын және 1 күміс медальға қол жеткіздік. Нәтиже жаман емес.

тілші: Яғни, Олимпиада ойындарына дайынбыз ғой?

— Бүгінде Ұлттық құраманың басты мақсаты Лондон Олимпиадасына дайындық. Ол — жолдама жеңіп алған алты боксшыға қатысты. Тағы төрт боксшымыз Азия чемпионатында топ жарып, жолдамаға ие болу үшін тер төгуде. Енді әр құрлықтың өз жарысы болады. Біздің дода Астанада сәуір айында өтеді.

тілші: Ал Біржанның жолдаманы жеңіп алуына қандай мүмкіндігіміз бар?

— 49 келі салмақтағылар арасында жолдама жеңіп алу өте қиын. Өйткені, Азияның жеңіл салмақтағы 6 боксшысы жолдама жеңіп алып қойған. Ол дегеніміз алдағы Азия Чемпионатында 49 келідегі боксшыларға жолдама ойнатылмауы да мүмкін. Олай бола қалған күнде біз басқа амал іздеуге мәжбүр боламыз. Салмағын 52 келіге ауыстыруымыз да мүмкін. Қуған жетпес, бұйырған кетпес дейді ғой атам қазақ. Егер бұл жолы болмаса енді келесі жарысқа дайындаламыз. Біржанды бүгіннің өзінде психалогиялық тұрғыда дайындап жатырмыз. Олимпиада ойынынан кейін Әлем Чемпионаты бар, содан кейін келесі төрт жыл да лезде өте шығады.

тілші: Ал Еркебұлан Шыналиевтің орнын басар боксшы бар ма?

— 81 келі салмақта Асқар Абдуллаев деген жігітіміз бар. Ол тынбай еңбектеніп жүр. Оның болашағына үміт артып отырмыз. Олимпиада ойындарынан кейін қазақстан Чемпионатында топ жара білсе, 2013 жылғы Әлемдік додаға жолдама алуға мүмкіндігі бар. Әрине, тәрбиелі болып, жаттығуларынан қалмай жүрсе. Оңтүстік боксшыларының болашағы жақсы деп ойлаймын. Епті жастар көп қой. Бұл жолы болмаса да келесіде міндетті түрде топ жаратын жастар болатынына сенімдімін.

тілші: Сұқбатыңызға рахмет. Чемпиондардың қатары көбейе түсуіне тілектеспіз.

— рахмет.