Тәуелсіздіктің 20 жылдық тойы қарсаңында ОҚО Төлеби ауданы Маятас ауылының тұрғындарында үлкен қуаныш. Өйткені жергілікті халық таза ауыз суға қол жеткізді. Жаңа су құбырының жүргізілуінің арқасында 520 отбасы күндіз-түні судан тапшылық көрмейтін болды.
Бұдан алдын тек сағаттап қана су алып жүрген үш жарым мың халық енді суды тәулік бойына пайдалана алады. Өйткені жергілікті басшылық жаңа су құбырын іске қосты.
Маятас тұрғындары үшін су проблемасы артта қалды. Енді олар су алу үшін ұзын сонар кезекте тұрмайды. Өйткені 520 отбасына су күндіз түні берілетін болды.
Жаңа су құбырының ұзындығы 39 шақырым. Оның жұмысымен «Жылуэнергоремонт» ЖШС айналысқан. Жаңа жобаның құны 176 миллион теңге. Қаржы облыстық бюджеттен бөлінген.
Әуелхан Тұрғымбеков, Төлеби ауданының әкімі: «Таза су» бағдарламасы аясында барлық елді мекендерді 2015 жылға дейін сумен қамтамасыз етуіміз керек. Бұл бағытта өздеріңіз көріп отырғандай жұмыстар қарқынды түрде жүргізілуде-дейді.
10 шақты күннен кейін Елтай ауылында тағы бір су құбыры іске қосылмақ. Ол 300 отбасын сумен қамтамасыз ететін болады. Ал келесі жылы аудандық әкімшілік «Ханарық» елді мекенін сумен қамтамасыз етпек.