Үкіметте темекіге қарсы күрестің жаңа тәсілі талқыланды. Енді бұдан былай қораптардың сыртына «қорқынышты» суреттер жабыстырылады. Бұл туралы Астанада Темекі шегуден бас тартудың бүкіләлемдік күніне орай өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды,-деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.
ҚР ДСМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Ажар Төлеғалиеваның айтуынша, 2011 жылдың 22 қарашасы күні Үкімет екі қаулыға қол қойған. Бірі улы өнімнің қорабына шылым құрамындағы шайырлы заттар мен никотиннің көлемі туралы көлемді мәліметтер орналастыру туралы құжат. Ал, екіншісі, темекі қораптарының сыртына шылым шегудің зардаптарынан хабар беретін үрейлі суреттер жабыстыру туралы қаулы.
Шылым шегушілермен күресудің жаңа тәсілі Қаулыға қол қойылғаннан 18 айдан кейін, яғни 2013 жылдың сәуір айынан бастап қолданылады. Айта кету керек, бұған мемлекеттік бюджеттен қаражаттар жұмсалмайды. Пиктограммаларды өнім өндірушілердің өздері жабыстыруы тиіс екен.
Қазір Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі қорқынышты бейнелердің 12 түрін бекітіп қойды. Олар, темекі шегу — инфаркт пен инсультқа, тамыр ауруларына, әйел мен ерлердің бедеулігіне, есірткіге тәуелділікке, өкпенің қатерлі ісігіне, тістің түсуі мен пародантозға, терінің ерте қартаюына, өкпе эмфиземасына алып келетінін, сондай-ақ жүкті әйел шылым шегу арқылы сәбиінің өмірі мен денсаулығын қатерге тігетінін ескертеді. Пиктограммалар екі жылда бір ауыстырылып тұрады.
Темекіге әуестенушілердің дені темекінің түтінінде: дәмі мен иісі жоқ, бірақ көп мөлшерде адамның өліміне алып келетін — көмірқышқыл газы, егеуқұйрыққа қарсы қолданылатын — күшән (мышьяк), немістер соғыс кезінде концлагерлерде қолданған — цианды сутек, дәретханаларды тазартуда қолданылатын — аммиак, тырнақтағы бояуды кетіруге арналған — ацетон, медицинада мәйіттерді бальзамдау үшін қолданылатын — формальдегид, ағзаға енгеннен кейін өкпеге тұрып қалатын — смола, ит-мысықтардың бүргесімен күресу үшін пайдаланылатын — перидин, есірткіге тәуелділікке алып келетін — никотин бар екендігін біле бермейді.
Мамандардың айтуынша, шылым шегушілермен күресудің мұндай тәсілі — әлемнің үздік тәжірибесі және оның нәтижесі де дәлелденген. Және бұл шаралардың нәтижесінде 1 млн.-ға жуық қазақстандық қауіпті әдеттен өмір бойына арылады деп күтілуде.