Шымкенттік АЖБ-де сұйықмай қоры жеткілікті

216
АЖБ

ОҚО сұйықмай тапшылығы біткен сияқты. Өйткені авто жанармай құю бекеттеріндегі қормен қыстан қорықпай шығуға болады.
Сарапшылар сұйық отын бағасының тұрақтанатындығына сенімді. Бүгінгі таңда шымкенттік авто жанармай құю бекеттерінде тапшылық сезілмейді. Ұзын-сонар кезек те жоқ. Жүргізушілер темір тұлпарларына еш кедергісіз сұйық отын құйып жүр. Оған бекеттердегі қызметкерлердің тыныштығын қосыңыз. Жұмыс өз режимінде жүріп жатыр.

Сарапшылардың айтуынша, облыс аумағында сұйық отын енді қыспаққа алмайды. Өйткені ауылшаруашылығы жұмыстарының аяқталғаны тауар қорының көптеп артылуына өз ықпалын тигізіп тұр.

Қайыпбек Қамбаров, ОҚО АЖБ ассоциациясының президенті:
«Министрліктің шешімімен өңірімізге 39 мың тонна сұйық отын жеткізілуде, оның 20 тоннасы- дизель отыны. Бұған қоса, ресейлік «Газпром» компаниясы 5 мың тонна сұйық отынды жеткізіп тұр.»

Келер жылдан бастап, Мұнай және газ министрлігі сұйық отынның жеткізілуін қатаң қадағалауға алмақ. Бұл делдалдар шеттетіледі деген сөз. Нарықта тек көтерме сауда өкілдері ғана қалып, олар арнайы аккредитациялаудан өтпек. Ал сұйық отынды жеткізушілердің арасында арнайы лицензиясы бар операторлардың саны әзірге 25.