Халыққа қызмет көрсету орталығындағы ащы шындық

Жеке сәйкестендіру нөмірін алуға үлгеру үшін тұрғындар таң атпастан кезек алуда

Шымкент қаласындағы Мәделі қожа көшесінде орналасқан халыққа қызмет көрсету орталығының тұсынан емін-еркін өту мүмкін емес. Жол жөнекей қойылған көліктер мен кептеліп қалған темір тұлпарлар қоғамдық жол қозғалысын қиындатып жіберген. Тұрғындар жаяу барсақ тез жетеміз деп қынжылады. Ал халыққа қызмет көрсету орталығының ішіне кіре қалсаңыз, жүрегіңіз қысылады. Ішке ентелей кірген тұрғындар мұнда бұрынғыдай сағат 9-дан емес, таңғы 4-тен бастап күзететін болған.

Ұйқысы бұзылып, тынышынан айырылған тұрғындардың бар ойы жеке сәйкестендіру нөмірі бар төлқұжат алу. Егер олар желтоқсан айының соңына дейін тегін ауыстырып үлгермесе, келесі жылдан бастап айыппұл төлеуге тура келеді.

Табандарын тоздырған кезек күтушілердің саны күннен-күнге артып келеді. Тіпті 3- рет келіп, құжатқа қол жеткізе алмай жүргендер бар. Қалалықтар құжат мәселесіне келгенде жайбасарлық танытып, бей-жай қарайды. Өйткені осыдан біраз уақыт бұрын тұрғындарға төлқұжатты ауыстыру туралы ескертілген болатын, тіпті жеке сәйкестендіру нөмірін алу уақыты да кейінге ауыстырылған.

Қазір тек балаларға ғана жеңілдіктер жасалған. Жасөспірімдер 2012 жылы да өз құжаттарын тегін ауыстыра алады. Ал халыққа қызмет көрсету орталығының басшылығы байбалам салғандар мектеп ұжымы деп отыр.

«Мектептегілер кінәлі. Олар барлығына байбалам салып, оқушыларды аз уақытты жеке сәйкестендіру нөмірін алу керек деп  дүрліктірді. Ал балаларға 2011 жылы ауыстыру міндетті емес», — дейді халыққа қызмет көрсету орталығындағы операциялық залдың бастығы Ғалым Маймышев.

Қазір қызметкерлер таңғы сағат 7- ден бастап халыққа қызмет көрсетуде. Тіпті екінші ауысымда да жұмыс жасайды. Тіпті мұндай қызмет түрі де әзірге келушілердің санын азайтар емес.