Қайнарбұлақ елді мекенінде орналасқан «Металлург» саяжайының тұрғындары екі апта бойы жарықсыз отырған. Ал жарық берушілер қарыздарына байланысты оларды жарықтан ажыратып тастаған. Себебі саяжай массивіндегі тұрғындардың электр энаргиясына өтеуі тиіс қарызы 1 миллион 200 мың теңгені құраған. Аталған елдімекеннің тұрғындары наразылық шеруге шығуға мәжбүр.
«Біздің мекен барса келмеске айналды! – дейді Индира Ходжаева, – Жарықта, суда жоқ……Ал көгілдір отынның бізге қажеті де жоқ өйткені пешіміз бар. Ал жарық міндетті түрде керек.
«Металлург» кооперативінің тұрғындарымен Абай аудандық әкімшілігі және «Энергопоток» ЖШС-нің өкілдерімен кездесудің соңы саяжай тұрғындарының пайдасына шешілді. Ал аталған елді мекеннің басшылығы алдағы уақытта қарызды төлеуге уәде берді.
Жарық Қайнарбұлақ саяжайында 10 желтоқсан күні берілген болатын. Алайда, бүгінгі таңға дейін саяжай тұрғындары қарызды төлеуге асығар емес. Бұл жағдай 2009 жылдан бері қайталануда дейді «Энергопоток» ЖШС-нің есептік инженері Дәулет Жерембаев.
Қазіргі таңда жарық берушілер қарызын өтеуге құлықсыздарды қатаң қадағалауға алған. Себебі олар жарықты жасырын тартып, ұрлауы мүмкін. Тұтынушылардың өз еркімен токқа жақындап заңға қайшы әрекет жасамауы тиіс.
Даудың басы кооперативтің бұрынғы төрайымынан басталған. Қайнарбұлақтықтар өздеріне жетекшіні қайта сайлап алған. Бірақ оны жергілікті билік төрайым ретінде қабылдамай қойыпты. Енді екі бірдей кооператив жетекшісі жарықтың төлемақысын бөлек-бөлек жинап жүрген көрінеді.