Желтоқсанда жазушылар бұғып қалған жоқ

Желтоқсан көтерілісіне-25 жыл

Шымкенттегі облыстық қуғын-сүргін құрбандары мұражайының біз білетін екі ерекшелігі бар. Біріншісі- бұндай мұражайды басқа өңірлерден кездестіре алмаймыз. Бар да шығар. Бірақ дәл осы біздегі мұражайдың деңгейіне көтерілгені жоқ деп айтуға болады.Екінші ерекшелігі- бұл тарихи құжаттарды жинап алып, рет- ретімен орналастырып, қалғып- мүлгіп отырған мекеме емес. Керісінше әр жылдарғы қуғын-сүргінде құрбан болғандардың ұрпақтарын, көзі тірі куәгерлерді жинап, түрлі басқосулар өткізіп тұрады. Кітаптар шығарады. Басқаша айтқанда, Сталиндік зұлмат кезеңі-өткен ғасырдың отызыншы жылдарының ауқымынан шығып кеткен. Бұл арадан жалпы қазақ тарихына қатысы бар көптеген жәдігерлерді таба аласыз.
Жуырда Тәуелсіздіктің-20, желтоқсан оқиғасының 25 жылдығы қарсаңында мұражайда тағы бір кездесу өтті. Ол «Желтоқсан-Тәуелсіз Қазақстанның бастауы» деп аталды Оған, атынан-ақ көріп тұрғандай, шымкенттік желтоқсаншылар арнайы шақырылыпты. Сондай-ақ жиынға зиялы қауым өкілдері, журналистер, ғалымдар мен студент жастар қатысты. Кезінде қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғалардың ұрпақтары да келді. Әрине арнайы шақырумен. Басқосуды мұражай директоры, танымал ақын, ұлт жанашыры Ханбибі Есенқарақызы кіріспе сөзбен ашты. Сөйтіп жиналған қауымды желтоқсан оқиғасына қатысып, сотты болған, қудалауға ұшыраған, денсаулығын жоғалтқан жерлестерімізбен таныстырды:Ғанимат Шомаева! Майра Елеуова! Анар Мақұлова! Раушан Ермекова! Зейнеш Жадыраева! Қапиза Байымбетова! Сәбит Исабеков! Мұратбек Шекербеков! Гүлмира Тәжіметова! келе алмапты, оның орнына әкесі Ақын ақсақал қатысты! Мұражай бұларды көз бен көңілден таса етпей, іздеп тауып, хабарласып отырады екен.
Мұражай қызметкері Ажар Оспанованың арнайы жасаған баяндамасынан кейін желтоқсан жайлы әңгіме өрбіді. С.Исабеков, Ғ.Шомаева, Қ.Байымбетова, А. Мақұлова, М. Шекербеков. 1986-шы жылдың 16-17-18 желтоқсан күндерін қайта жаңғыртып естелік айтты. Ғалым С. Әбубәкіров, облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Б. Көмекбаева, ардагер ақсақал Ә.Сұлтанбеков, жазушы М. Байғұт сөйледі. Олар сол тұста Оңтүстікте орын алған саяси-әлеуметтік жағдайды еске түсіріп, желтоқсан оқиғасы туралы әңгімені сол күннің қарсаңында ғана еске алмай, әр уақытта жаңғыртып отыру керектігіне тоқталды.Айтпақшы, біз де реті келіп тұрған соң бір-екі ауыз пікір білдіріп едік. Аталған жиын туралы ақпарат таратқан бір басылым онымызды елеусіз қалдырыпты-естімепті, екінші бір газет тілшісі қарапайым ойды жеткізе алмай, қарабайырлап, бұрмалап жіберіпті. Енді, ыңғайсыз жағдайда отырып, өзіміз жүлгелеп бергеннен басқа амалымыз қалмады. Ал, айтпасаң ,»Сөз атасы өледі» деген де бар емес пе. Сонымен…
…1986 жылдың 16-желтоқсаны күні Д. Қонаев зейнетке кетіп,Қазақстан КП Орталық комитетінің бірінші хатшысы болып жұрт біле бермейтін Г. Колбин тағайындалды. Бұл жаңалықты Алматы бір түрлі жайсыз қабылдады. 17-желтоқсан күні біз қызмет ететін Баспалар үйі таңертеңнен осы хабарды талқылап, гулеп жатты. Сағат 11-ге таяу баспа үйінің жанынан,яғни Абай даңғылымен Орталық алаңға қарай топ-топ жастар өте бастады. Алматыда бір өзгеріс бар сияқты. 12-ге дейін әрең шыдаған біз де — бір топ баспагерлер алаңға беттедік.
Орталық алаңды айналдыра үш қабат етіп (бірінші қабаты милиционерлер мен жасақшылар, екінші- жүк машиналары, ішкі жағында әскерилер), қоршап тастапты.Тышқан жорғалап өте алмайды.Алаңға бірнеше мың қыз-жігіт жиналыпты. Ал сыртқы жақтағы халықта есеп жоқ. Ішке кіре алмай, жұмысқа қайтып оралдық. Бірақ жұмыс істеп отырған да, оны талап етіп жүрген де ешкім жоқ екен. Жанымыз тынбай, 3-ке қарай алаңға тағы бардық. Бүкіл Алматы қазағы сонда жүр десе болады:жазушылар да, журналистер де,он-сан танысымызды кездестірдік. Күзет тіпті күшейтілген.Орталық комитет жақта рота-рота мұздай қаруланған жауынгерлер. Қолдарында қалқан, беттерін жауып тұратын әйнек іспетті жалтыраған үлкен көзілдірік… Күнмен шағылысып суық көрінеді. Бірақ оған қарап жатқан ешкім жоқ. Жастар қоршауды бұзып өткен бе, алаңға сыймауға айналыпты, теңіздей толқиды…
Қоршауды жағалап жүргенімізде бір офицер өзінен-өзі кеңес берді,»Алаңға Байсейітова көшесі жағынан кіруге болады»-деді ол. Айтқаны рас болып шықты. Бір-бір адамнан тізіліп өтетіндей дәліз қалдырыпты.Содан ішке өте шықтық. Ешкім тоқтатқан жоқ.Ішке еніп бара жатқанда Орталық комитет үйінің шатырынан алаңға, бізге десе болар,бағытталып орнатылған бірнеше камера байқадық, бірақ мән берген жоқпыз…
Оқиғаның ортасына топ ете қалыппыз. Мінбеде лауазымды басшылар, мәскеуден келгендер, прокурорлар, генералдар, арасында Н.Назарбаев тұрды. Бір қызығы ол іс-әрекетімен, сөзімен жастар жағында екенін ешкімнен қаймықпай ашық білдірді.
Түс қайта билік саса бастағандай, өйткені прокуратура, милиция басшыларының тарау туралы ескертуін ешкім тыңдар емес. Алаңның іші-сырты толып барады. Кенет радиодан қазақ әндері берілді.Алматы тарихында бірінші рет болса керек. Биліктің жұртты тыныштандырғысы келді,әрине. Бұл басқаша эффект берді. .Жастар радиоға қосыла шырқап, алаңды жаңғыртты. Әсіресе, «Менің Қазақстаным» әні шырқалғанда жастардың рухы тым биіктеп кеткендей (Бұл Назарбаевтың есінде ерекше қалса керек, кейін осы әнді мемлекеттік әнұранға айналдырды ғой).
Тақырыптан ауытқып, ауқымнан шығып бара жатырмыз. Қайта оралайық.17-ші және 18-желтоқсан күндері Алматыда тұратын ақын-жазушылар, журналистер, өнер адамдары бұғып қалған жоқ. Бәрі де алаңның о жақ, бұ жағында жүрді. Біз жастардың ерлігіне куә болдық. Қолдай алдық…
Арада бір-екі күн өтпей-ақ алаңға кіре алған жігіттерді ұлттық қауіпсіздік комитетіне шақырып, тергей бастады. Әлгі дәліз суретке түсіру үшін әдейі қалдырылған екен. Баспалар үйінде қызмет ететін талай жас ақын-жазушылардың мазасы қашты.Бірақ… Бір қызығы, жазушыларды тергеу ісі жарты жолға жете бере кенеттен кілт үзілді.
Көп жыл өткен соң түсінгендей болдық. Ол кезде » Правда» газетінде желтоқсан оқиғасы туралы қысқа ғана хабар жарияланған. Онда «алаңға бір топ маскүнем, нашақор жастар шықты»- деп жазылған болатын. Кремль әлемді осыған сендіргісі келді. Ал жастармен бірге жазушылар, өнер адамдары, журналистер т.б соттала бастаса…
Онда желтоқсанда бір топ жастар емес, халық көтерілді болып шықпай ма!
Кремль тістене отырып, жазушыларды байқамаған сыңай танытыпты-ау сонда! Әйтпегенде талай-талай жазушы қуғын-сүргінге ұшырар еді…
Желтоқсаншылармен қуғын-сүргін құрбандары мұражайындағы ресми жүздесу соңы жылы шырайлы сұхбатқа ұласты да, іс-шара ұзаққа созылды. Қайтуға асыққан ешкім болған жоқ. Ханбибі ақын империяның астамшылығы, өктемдігі мен өзімбілермендігіне қарсы шыққан жерлес іні-сіңлілерінің тұрмыстық жағдайын да сұрастырып, біліп алған екен. Сондықтан демеушілердің көмегімен олардың біріне тоңазытқыш, екіншісіне телевизор, басқаларына да қажетті тұрмыстық техника сыйлап, баршасын риза етті. Жарасымды әңгіме, естеліктің аяғы мұражайшылар ұйымдастырған шай үстінде жалғасты…Бізге тағы бір ой келді: Осы шараның өзі де ақын-жазушылардың желтоқсан оқиғасынан ешқашан шет қалмағанын көрсетеді емес пе. Ханбибіні желтоқсан оқиғасына қатыспады деп, кім айта алады? Мұхтар Шаханов та жиырма жылдан бері шырылдап келеді емес пе? Бұл істен қай журналист шет қалып еді?!
Мұражай ұйымдастырған жүздесуде » желтоқсан көтерілісі» деген тіркес тілге көбірек ілінеді. Дұрысы да сол-ау. Кешегі билік болса, күтпеген жерден бұрқ ете түскен халықтың ашу- ызасын «желтоқсан оқиғасы» деген ұғымның аясына сыйғызғысы келді. Солай етті де. Нағыз шындық енді-енді айтыла бастады…

Захардин Қыстаубаев (мақаланың толық нұсқасын «Оңтүстік Рабат» газетінен оқи аласыз)