Ақпан айында жарақат алған 260 науқастың 80 пайызы көк тайғақта құлағандар

274

Шымкентте ақпан айында жарақат алып, №2 жарақат бөліміне көмек сұрап барған 260 науқастың 80 пайызы көк тайғақта құлағандар.

Көктайғақтан зәбір көргендердің бірі-Тахир Бегилдин. Өткен бейсенбі күні жаяу жүргіншілер жолында құлап жарақат алған қала тұрғыны дәрігердің көмегіне бір жетіден кейін жүгінген. Онда да аяғы торсиып ісіп, ауыра бастағанда ғана.

Тахир Бегилдин, науқас: «Төреқұлов Сайрам көшелерінің қиылысында аялдаманың жанында аяғымды қайырып алып, құлап түстім. Қарасам көк тайғақ. Жауған қар басып, бір көргеннен байқамайсың да. Үйге жеткен соң  қояды деп жүре бердім. Бүгін таңертең солқылдап ауырып, ісіп кеткен соң жарақат бөліміне келдім. Рентгенге түсірді 2 жері сынған дейді».

Дәрігерлер науқас құлаған сәтте бізге көрінгенде жарақаты былай асқынып кетпес еді дейді. Қаңтар айында медициналық көмекке 208 адам жүгінген. Ақпан айында ол көрсеткіш өскен.

 Талғат АЙТБАЕВ, №2 жарақат бөлімінің бөлім меңгерушісі: «Ақпан айының 20 күнінде  жарақат алған  260  науқас  тіркелді. Бүгіннің өзінде  түскі 12-ге дейін 5 адам  дәрігерлік көмек алды. Жарақат алғандардың басым бөлігі 25 пен 63  жас аралығындағы азаматтар».

Жарақат алғандардың сөзіне қарағанда басым бөлігі аялдамаларда, плиталар төселген қоғамдық орындарда, қараңғы аула мен жаяу жүргіншілер жолында құлаған. Осындай жерлерде қалалық коммуналдық қызмет мекемелері уақтылы қарды тазалап, көк тайғаққа құм сепсе , зардап шеккендер саны төмен болар ма еді?Адамдардың өздері де мұқият болғаны абзал.