Бішкектен келген көліктерге талап қойылмақ

Шетелден әкелінген көліктер бұдан былай қатаң бақылауда болады. Тиісті мамандар әсіресе, Қырғызтаннан әкелінген көліктердің мерзімдік рұқсатнамасын жіті назарда ұстамақ. Бірақ әзірге шымкентте айыр қалпақтылар елінен әкелінген міністер аса көп емес көрінеді. Сондықтан, көлік иелері кедендік рәсімдеуден өтіп жол полиция басқармасына тіркелуіне әлі де мүмкіндігі бар.

Қырғызстан Кеден Одағына кіруге ниет танытқаны сол еді, біздегі көлік құмарлардың назары Бішкек базарына ауды. Арзан көлікке қарық боламыз дегендер енді бірнеше айдан бері сан соғып жүр. Себебі, Қазақстанға кіргізілген уақыттан мерзімі асып кеткен көліктерге жүруге тиым салына бастады. Бұл мәселе әсіресе Алматылық жүргізушілердің жаппай наразылығын тудырған болатын. Бірақ темір тұлпар иелері мен кеденші және полицейлер арасындағы дүрбелең Шымкентке әлі жете қоймапты.

Ғалымжан Аязов, Кедендік рәсімдерді бақылау бөлімінің бастығы: » Қырғыстандық көліктерге бірінші 3 айлық рұқсат қағазы беріледі. Үш ай өткен соң көлік иесі кеден департаментіне келіп, Қазақстанда жүруге болатын рұқсатын  тағы бір жылға создыра алады. Егер осы уақыт аралығында ол көлігін кедендік рәсімдеуден өткізіп, тиісті мемлекеттік баж салықтары мен міндеттелген қосымша құн салықтарын төлеп қазақстандық атануы керек. Егер ол көлігін рәсімдеуден өткізбесе мерзімі біткен соң көлікті Кедендік одақ шекарасынан шығарып тастауы тиіс. Қазір Алматыдағы оқиғаны баршамыз қадағалап отырмыз. Әзірге шымкентте қырғыз көліктеріне қатысты дау-дамау туындаған жоқ. Себебі, оңтүстікте Бішкектен әкелінген көліктердің саны Алматыдағыдай көп емес».

Егер көлік иесі темір тұлпарына қазақстандық құжат әпермесе онда тиісті салықты айыр қалпақтылар қазынасына төлеуі тиіс.  Тіпті, техникалық тексеруден де сол жақтан өтуге міндеттелген. Тағы бір айта кетер мәселе егер  мемлекеттік тіркеуі нөмері қырғызтандық көлік жол ережелерін бұзып, жол бойындағы фотокамераға түсіп қалса, оларға айыппұл төлету қиынға түседі екен.

Серік Жақсылықов, ЖПБ тіркеу және емтихан бөлімінің инспекторы: «Қазір бұл мәселеге қатысты алып қашпа әңгіме көп. Себебі, көпшілігі әкелген көліктерінің рәсімдеу жұмыстарына немқұрайды қарайды. Олар алдымен кеденнен құжаттандырылып сосын бізге келіп тіркелуі қажет. Егер мұндай рісімделу тиісінше орындалмаса көліктің құжаттары сәйкестендірілмейді. Құжаты дұрыс болмаған көлікті жол полициясы ұстаған жағдайда айыппұл тұрағына апарып қояды.  Заң солай. Бірақ шымкентте әзірге қырғыстандық көліктерден мәселе туындап жатқан жоқ».

Шынында да елімізде Кеден Одағы құрылғалы шетелден көлік әкелу құны тіптен  қымбаттап кетті. Әсіресе бұл мәскеле көлік алып сатудан нәпақа тауып жүргендердің жағасына жармасты. Қиындықты айналып өтем деген мініс сатушылар қырғыздың базарына бас сұғып арзан көліктерді топ тобымен елге жеткізіп қойған. Енді олар Бішкектің  көлігін сата алмай әлек.

Қалмұрат Артықбаев, жүргізуші: «Мен Қырғыстаннан көлік әкеліп, Шымкентке келгесін үстіне ақша қойып сатам дегенмін. Бірақ бұл ойым жүзеге аспады. Себебі, тіркелмеген көлікті ешкім сатып алғысы келмейді. Қазір амал жоқ уақытша руұқсат қағазымен көлікті айдап жұрмін. Ертең мерзімі біткенде не боларын білмеймін. Ал кедендік рәсімдеуден өткізіп, осында тіркейін десем мұмкіндік болмай жатыр. Білмеймін не боларын. Ең бастысы көппен біргеміз. Бір түйіні шешілер».

Қысқасы айтып айтпай не керек, әзірге қырғыз көлігін мінген шымкенттік жүргізушілерге аса алаңдаудың қажеті жоқ екен. Ал кеденшілер мен полиция мамандары әліптің артын бағуға кеңес беріп отыр.