Шымкент шұрық тесік жолдардан арыла алмай келеді

239

Шымкент қаласы Рысқұлов көшесіндегі ойдым-ойдым жер тұрғ,ындарды мезі етіп бітті. Бір жағын жөндесе, екінші жері қазылып жатуы үйреншікті жағдайға айналды. Қонаев даңғылы мен Дулати көшесі аралығындағы Рысқұлов көшесінде қазылған жолда қатынау қиынға соғуда деп ашынады жүргізушілер. Кептеліс қоғамдық көліктердің кестеден кешігуіне, жол апаттарының туындауына себеп болып отыр.

Рысқұлов көшесінің бұл бөлігінде көлік жүргізушілері қозғалысты баяулатуға мәжбүр. Жер астынан өткен су құбырының жарылуы салдарынан қазылып, тегістелген жерде төмпешіктер пайда болып көлік жүргізушілерін әбігерге түсіруде. Әсіресе көк тайғақта айтарлықтай кептелістер болады. Жол бойына арнайы белгі қойылғанымен оның өзі де көмектеспей тұр.

Жүргізуші: «Көк тайғақ болғанда басқа жолмен жүріп қиналдық. Кестеден  үнемі қалудамыз. Жолаушылар наразылықтарын бізге білдіреді».

Жүргізуші: «Жерді қазған соң. Қалпына келтірмейді ме?»

Көлік жүргізушілерінің наразылығын  «Су арнасы-маркетинг» ЖШС-нің  мамандарына жеткіздік. Бұл мәселеден хабардар олар өз уәжін айтып шыға келді.

Байбек МҰРАТОВ, Әл Фараби аудандық су жүйесінің бастығы: «9-қаңтарда  Рысқұлов көшесінің бір бөлігінде жер отыруда деген  хабар алдық. Аққан су орталық құбырдан емес, жанындағы гүлзарды  суаруға арналған жүйеден  орын алыпты. Азядан кран жұлынып кетіп,  су жолдағы асфальттің астына жиналған. Біз бұл ақауды жөндеп, акт  түзіп ТҮКШ-ге жібердік. Жолды тегістеу сол бөлімнің құзырында».

Қаладағы қозғалыс көп негізгі көшелердің бірі — Рысқұлов көшесінің бұл бөлігінде су құбырында ақау жиі орын алады. Қалай болғанда да, қалпына келтіру жұмысы сапалы жүргізілсе, осындай келеңсіздіктер орын алмас еді. Шымкентте коммуналды қызмет көрсетушілер қазылған орындарды тегістеуге келгенде, құлықсыз. Бір-біріне сілтеуден әрі аса алмайтын жауаптылардың әзірге әрекетсіздігі көрініп тұр.