Шымкентте боксшылар жұдырықтасты

342

Ересектер құрамасын жасақтауды облысымыздың аға бапкері қазірден бастауды жөн санапты. Өйткені биылғы маусымда боксшылар облыс қоржынын бірнеше алтын медальмен толықтыруы қажет.

Бокстан ересектер арасында облыс біріншілігі

Облыс біріншілігінде 80-ге жуық боксшы ринг төрінде қолғап түйістіруде. Ерсұлтан Жақсыбековта қарсыласынан басым түсуді көздеп, қарсыласын бірінші болып соққының астына алды. Ерсұлтан дегеніне жетіп, кездесуде басымдылық танытты. Енді жерлесіміз ақтық кездесуге дайындалады.

Ерсұлтан Жақсыбеков, боксшы: «Қарсыласымда жақсы дайындалып келген. Ауыр  болды. Енді келесі кездесулерде жеңіске жетемін деп сенемін. Жоспарым Қазақстан чемпионатында топ жару».

Заңғар Қасқаев, бокстан ОҚО аға бапкері: «Осы облыс біріншілігінің арқасында бірқатар епті спортшыларды іріктеп аламыз. Алда халықаралық жарыстар бар. Сол турнирлерде олардың шеберлігін шыңдап, қараша айында өтетін жарыста жақсы нәтиже көрсетуіміз тиіс».

Сәуірдің төрті күні Астанада шымкенттік Біржан Жақыпов Олимпиадаға жолдама үшін таласқа түсетін болады. Ал мамыр айында Жайна Шекербекова Гуаньджоуда лицензиялық турнирде ептілігін сынға салады. Бұл жолы шымкенттен екі ғана спортшыға үміт артып отырсақ, келесі байрақты жарыста олардың қатары көбее түсетініне бапкерлер сеніммен қарайды. Бұл бағытта алғашқы қадам жасалынып та қойды.