Ашуланшақ адам тез қартаяды

Шымкент қаласы, Қайтпас-1 шағын ауылында тұратын ақ жаулықты Қалжан Меңлібайқызының жасы 90-да. Биыл 8 наурызда бір ғасырға жуық жасын тойлаған әженің аздап құлағы естімейтіні болмаса, жанары таймаған, қуаты кемімеген. Есте сақтау қабілеті де жақсы.

 Ғалымдар әлі күнге дейін ұзақ жасаудың сырын аша алмей келеді. Олардың дені бұл адамның геніне байланысты десе, енді бірі салауатты өмір салтын ұстануда деп біледі. Бұл сұрақтың жауабын біз де іздеп көрдік.

Арнайы газеттен іздеп барғанымызды жеткізгенде Қалжан әже жергілікті, республикалық басылымдардың бірқатарының атауын тізіп, айтып шықты. Кешкі астың үстінен түскендіктен, ұзақ жасаған қарттың тамақ ішу тәртібі қандай екендігіне қызығушылықпен қарадым. Әженің алдында бір кесе айран тұр.

— Мен кішкентай кезімнен тамақ талғамай ішемін. Әсіресе ағарған, оның ішінде сүт пен айранды үзген емеспін. Әселді де үзбей жеймін. Жаңғақты күнделікті дастархан үстінен түсірмеймін. Керісінше етті, ет тағамдарын көп жемеймін,- дейді әже ұзақ жасаудың сырымен бөлісіп.

1922 жылы туылған Қалжан әже 3 ұл, 1 қыз, 16 немере мен 19 шөбере тәрбиелеп, өсіріп отырған бақытты жан. Ал жас кезінде қолынан инесі түспеген шебер тігінші болыпты. Әженің айтуынша, бір орнында тыным таппай, үнемі қимыл- қозғалыста жүру де денсаулыққа пайдалы екен. Малға қарап, колхозда көп жылдар бойы есепші қызметін атқарып келіп, түнгі 2-3-терге дейін үйдің шаруасымен, балалардың кір-қоңын жуумен жүреді екен. Еңбекқорлығының арқасында перзенттерін ешкімге көзтүрткі етпей, бүгінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырып отыр.

Өмірінде бір рет те ауруханаға түсіп көрмеген жанның қазір де денсаулығы жақсы. Далаға өзі шығып, күншуаққа жйғаып, өзі кіреді. Қуантарлығы, Қалжан әже әр затының қай жерде тұратынын қателеспей табады.

— Ұзақ жасаудың тағы бір сыры адамның сабырлылығында. Мен орынсыз ашуланбайтынмын. Қандай жағдай болса да ашуға берілмей, ақылға саламын. Балаларымның ешқайсысына дауыс көтергенімді көрмеген көршілерім де таң қалады. Уайымға да салынбайтынмын. Меніңше күйгелектемейтін адам ұзақ өмір жасайды,- дейді Қалжан әже.

Ұзақ өмір жасаудың сыры салауаты өмір салтын ұстанып, тек табиғи тағамдармен тамақтануда, тыным таппай, үнемі қимыл-қозғалыста жүру екендігіне тағы бір рет көз жеткізгендей болдық. Қалжан әженің айтқандарына келіспеске амал жоқ. Өмірден көрген-түйгені мол жан ғой, білген соң айтады да.

 

Махаббат ӘБДЕШОВА