Мал базарында саудаланатын төрт түліктер құжатсыз, ал салық шарықтап тұр

272

Шымкент қаласындағы мал базары талаптарға сай келмейді. Қала базарларындағы бір жолғы талонның құнын бақылауды діттеген қалалық мәслихаттың депутатары осындай мәлімдеме жасады. Басқа сауда орындарында болып жатқан өзгерістер мал базарына әлі күнге жетпеген. Мұнда сатушыларға да, алымшыларға да ешбір жағдай жасалмаған.

Бұл базарға резіңке етік кимей кіру мүмкін емес. Ауызсуды айтпағанда қол жуатын судың өзі тапшы. Ал арнайы базарда мал байлайтын қазық жоқ. Есесіне ұсақ малдың басына 550 теңге, ірі қараға 800 теңгеден алынады. Мұндай баға облыстағы басқа базарлардың бірінде де жоқ дейді келушілер. Салықтың тым жоғарылығы туралы қариялар қала және аудан әкімдерімен кездесуде бірнеше рет көтерген болатын.

Қалалық мәслихат депутаттар тағы бір тұсқа таңырқанды. Мұнда саудаға салынып жатқан малдардың бірде- бірінде құжат болмай шықты. Талап бойынша базар аумағына ешқандай мал басы құжатсыз кіргізілмеуі тиіс. Себебі ол малдың денсаулығы туралы бірден-бір мәлімет беретін құжаты саналады.

Ал базардағы ветеринарлар оның себеп-салдарын түсіндіре алмай дал болды. Сауда орнындағы бір жолғы талонның құнын байқап, тиісті ұсыныс жасау үшін тексеруге барған депутаттар бұл базардың алдымен өзге мәселелерін шешу керектігіне көз жеткізді. Мұндағы барлық төлем мен жағдайдың жасалуына егжей-тегжей талдау қажет деген тұжырым жасалды.