Оңтүстікқазақстандықтарға омыртқааралық жарық пен жұлын бөлігіне ота жасауға мүмкіндік туды

Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасының базасында жаңа операция жасауға мүмкіндік туды. Ендігі жерде оңтүстікқазақстандықтар омыртқааралық жарық пен жұлын бөлігіне жасалатын оталарды жасатуға ат терлетіп алысқа аттанбайтын болады.

Нейрохирургия саласын дамыту мақсатында сатып алынған жаңа құрылғының көмегімен эндоскопиялық жолмен жасалатын ота мемлекеттік квота арқылы тегін жасалады және облысымызда алғаш рет жүзеге асады. Отаны Алматы қаласынан келген мамандар жасауда. Шеберлік сабақтары екі күнге созылады.

Күрделі оталарға қатысып жатқан жергілікті дәрігерлер болашақта отаны өздері жасай береді деген сенім бар. Айта кету керек, бұл үшін жергілікті дәрігерлер шетелдерде білімін арттырып жатыр.