Жақыныңа жәрдемдес. Оңтүстікте су тасқынынан зардап шеккендерге көмек қолын созу мақсатында қайырымдылық акциясы ұйымдастырылуда. Бұл шараға әсіресе, шымкенттік білім ошақтары белсене ат салысып жатыр. Шәкірттер жағы кәсіподақ ұйымының қоймасына қажетті заттарды әкеп өткізуде. Бірақ, шымкенттіктердің өзін бұл акцияға белсене ат салысып жатыр деп айту қиын. Өйткені, қоймадағы азық-түлік пен тұрмыстық бұйымдар мектептер мен бірқатар мекемелерден ғана жиналған.
Қап-қапқа буылған киім-кешектер мен азық-түліктерді кәсіподақ ұйымында қабылдап жатыр екен. Қайырымдылық акциясынан жиналған бұйымдармен зардап шеккендерді басынан бақайшағына дейін киіндірмесе де қажетімен қамтуға мүмкіндік бар. Қазір мұндағылар киім-кешектің 160-қа жуық түрін өлшеміне сәйкес топтастырып қойған. Ал келесі бөлмеде қорап-қорап азық-түлік үйіліп тұр.
Бұл бұйымдар мен азық-түліктердің басым бөлігін мектептердің шәкірттері әкеліп өткізуде. Олардың арасында бірқатар кәсіпкерлік мекемелердің де атаған көмегі бар.
Бұл көмектің көпшілігі тасқын судан басымырақ зәбір көрген Ордабасы ауданына жөнелтілмек. Мұндағы жұртқа қажеті де сол боп тұр. Қазір тұрғындардың сұранысы бойынша 30-40 палатка тігіліп, жергілікті жұртқа жағдай жасалынып жатыр. Баспанасыз қалғандарға қосымша тағы азық-түлік жеткізілуде.
Палаткада тұрып жатқандардың бірі Досболовтар жанұясы. Шиеттей бала-шағасы мен немерелерін қосқанда мұнда қазір 8 адам күнелтіп отыр. Ерте көктемдегі құбылмалы ауа райында мұнда пеш те орнатылып қойған. Апатты ахуалдағы үйінен алыстамастан, палатканы өзінің ауласына құрғызыпты.
Қазір мұнда су алған 66 тұрғын үй жарамсыз деп танылды. 250 үйге су кірген. Қазір су тасқынынан зардап шеккен аумақта бағалаушылар жұмыс істеп жатыр. Солардың қорытындысы бойынша комиссия шешім шығаратын болады.
Жанар Түктібаеваның сарайы мен гаражының да тасқын судан тамтығы қалмаған. Табиғаттың тосын мінезінен зәбір көрген тұрғын әлі күнге ашынады. Оның үстіне сарайы мен гаражы үшін өтемақы төленбейді дегенді айтады ол. Су алуға бейім аумақта тұрғандықтан оның баспанасын да сатып көшіп кетуіне мүмкіндік болмай тұр. Екі ортада дал болған келіншек тек бағалаушыларға соңғы үмітін артып отыр.
Демек, зардап шеккендерге жаңа үй салып беру немесе қалпына келтіру жұмыстары сәуір айынан басталады деген болжам бар. Бірақ ең бастысы, Найманарықты тереңдетіп, каналдың екі бедерін бетондамаса, бұл тірліктің бәрі де желге ұшқанмен тең.