Батыс Еуропа-Батыс Қытай көлік дәлізінің құрылысына жауапты мердігерлер міндеттерін орындамауда

246
Батыс Еуропа-Батыс Қытай магистралі

Облыс әкімдігінде Батыс Еуропа-Батыс Қытай көлік дәлізі құрылысы бойынша штабтың кезекті отырысы өтті. Жиынға  құрылысқа қатысы  бар  құрылымдардың басшылары қатысты.

Оңтүстік өңірінен өтетін көлік дәлізі құрылысының тапсырыс берушісі автомобиль жолдары комитетінің ОҚО департаментіне құрылыстың талапқа сәйкес жүргізілуін қадағалау жүктелген.  Оңтүстік өңірінен өтетін халықаралық жолдың құрылысын 7  бас мердігер жүргізуде. Құрылысшылар келісім шарттағы  міндеттерді толығымен орындалмауда дейді төраға.

Болатбек ӘЛИЕВ, облыс әкімінің орынбасары: «Жұмыстарды талаптарға сәйкес  сапалы жүргізуге мердігерлердің толық мүмкіндігі бар. Өйткені жобалық-сметалық құжатта   қаражат қаралған. Мәселелен құжатта 10 рейске қаржы қаралса, құрылысшылар  одан екі есе  көрсеткішпен  шектелуде. Мен Кентауда іс сапарда болдым.Тек бір жерде ғана екі көлік су сеуіп жатыр. Ал қалған жерде шаң-тозаң. Сондай -ақ мердігерлердің көліктері айналма жолмен жүрмей, қалада көше жолдарын қатынауда».

Халықаралық жолдың маңыздылығына тоқталған сала мамандары құрылыс жүріп жатқан жердегі халықтың да жағдайын ойлау қажеттігін айтуда. Жол қауіпсіздігі тағы бар. Ал ауыр жүк көліктердің айналма жолмен емес, қаланың дәл қақ ортасымен жүруіне тосқауыл қою керек. Әйтпесе жаңаланған жолдарымыздан да айрыламыз деген пікірлер де айтылды.

Бейсенбек Жанбосынов, Шымкент қаласының ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы: «Күн жылынғаннан бері, автомобиль жолдары комитеті ОҚО департаменті қаланың іргесіндегі аймақта құрылысты келісімсіз бастады.  Салдарынан 8 аялдаманың біреуінің қайда кеткенін білмейміз. Алдын ала хабардар етсе, оны басқа жерге орналастыратын едік қой. Енді біз мүлігімізді бұзғаны үшін  шығынды өтеу бойынша арызды аудандық ІІБ жібердік. Транзиттік көліктер қалалық көшелермен қатынауда. Оған тосқауыл қоймасақ, былтыр жөнделген жолдарымыздан айрыламыз».

Көңіл бөлетін тағы бір мәселе. Мердігерлердің құрылысқа пайдаланып отырған инерттік материалдары.

Рая Кохаева, ОҚО кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім бастығы: «Былтыр ордабасы ауданында мердігерлер келісімде көрсетілген  мекемелерден  инертті материалдарды алмай, өзге азаматтардан алды. Биыл  мердігерлердің бірі Жаңа талап елді мекені аумағында инертті материалды алуда. Бұл фактілер бойынша  хаттама түзіліп, олар  мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасы мен  экологтарға   жіберілді».

Заңды бұзған мердігер компанияларға енді әкімшілік шаралар көрінеді. Бүгін берілген тапсырмалардың орындалуы сәуірдің 24-не өтетін отырыста тыңдалады деп шешілді.