ОҚО-дағы газ тарату желілерін жаңартумен айналысып жатқан «ҚазТрансГаз Аймақ» Акционерлік қоғамы жұмыс сапасын арттырып, тұтынушыларға қолайлы жағдай туғызу үшін газ құбырларын төсеу технологиясының жаңа әдісімен жұмыс істеуге кірісті.
Инновациялық әдістің ерекшелігі сол, жер асты құбырын төсеу үшін траншея қазылмайды. Яғни көлденең көлбей бұрғылау арқылы мамандар жолдың беткі қабатын жарақаттамай, жерастын бұрғылап, газ құбырын төсеуді қолға алды.
Америкадан әкелінген техника ДД-3238 көлденең бұрғылау қондырғысы деп аталады. Бір мезетте бірнеше адамның қызметін атқаратын көліктің жұмыс істеу тәсілі ерекше. Айрықша бұрғылау басы арқылы құбыр 150 метрге дейін жерді ұңғып тиісті нүктеден шығады.
Серікхан БАЙЗАҚОВ, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ОҚӨФ бас инженері: «ОҚО көгілдір отынның ең белсенді тұтынушысы болып табылады. Ескіріп тоза бастаған газ тарату жүйелерінің ең үлкен көлемі де осы өңірде. Яғни құбыры ескірген аймақтар Қазақстан бойынша 40 пайызды құраса, Оңтүстікте ол 50 пайыздан асып жығылады. Біздің компания жаңа жобаның бюджетіне 30 млрд. теңгесін салды. Осы күнге дейін 9,5 млрд теңге игеріліп, 500 шақырымнан астам құбыр жаңа жүйе бойынша орнатылды.
Газ құбырын қоюдың бұл әдісіне алғашқы болып көше бойындағы тұрғындар қуанды. Құбырларды орнату барысында енді олар басқа нысандардағы секілді лайға малшынбайтын болады. Еске салған жөн, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ республиканың 7 облысын көгілтір отынмен қамтамасыз етіп отырған мекеме.
Әшіргүл АСАНОВА, көше тұрғыны: «Біздің көшені қазуды бастағанда есіктің алды лайланатын болды деп қатты қорқып едік. Жылдар бойы маңдай терімізді төгіп, жасыл желек отырғызып, еңбектендік қой. Соларды тамырымен қопарып кетсе, оның орнын қайта қалыпқа келтіруді өзіңіз есептеп көріңіз енді. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның қызметкерлері жасап жатқан істі көріп, көңілім орнына түскендей болды. Заманауи газ құбырының жер астынан өткізу әдісін жақсы ойлап тапқан. Ең бастысы, бұл жұмыс ешкімді әбігерге салмайды. Көше бойы мен сол маңда орналасқан нысандарды бүлдірейтініне өз басым қатты қуандым. Компанияға рахмет. Алғысым шексіз».
Жергілікті жұртқа қолайлы жағдай туғызып жүрген жұмысшының бірі Рауан Әденияз. Жаңа құрылғының қыр-сырын оған жақында ғана Санкт-Петербургтен келген мамандар оқытты. Бар білгенін енді ол басқа өңірлердегі әріптестеріне үйретіп жүр.
Рауан ӘДЕНИЯЗ, инженер: «Республиканың түрлі аймақтарынан бізге келіп, тәжірибе алмасып жатыр. Бұл көлікпен жұмыс істеу өте ыңғайлы екенін біз де барынша түсіндіріп бағудамыз. Қарапайым халыққа ыңғайлылығы біздерді де қуантуда. Енді жол бөктерлерін бұзбаймыз. Асфальттарды аударып, газондарды шұрық тесікке айналдырмаймыз. Теміржол жүйесіне жолығар болсақ, жер бедерінің астыңғы қабаты арқылы ісімізді жалғастырып кете береміз».
Бүгіннің өзінде жаңартылған газ жүйесінің қызметін 9 мыңдай абонент тұтынады. Аталмыш компания болашақта мұның санын Шымкентте 27 мың, ал облыс бойынша 60 мыңнан асыруды көздеп отыр.