Әнші Асыл Жандәулетовтің алғашқы үн таспасы жарыққа шықты

Aсыл Жандаулетов әнші

Бүгінде өнер сүйер қауымға патриоттық әндерімен танылған әнші Асыл Жандәулетовтің алғашқы «Өмір деген» атты үн таспасы жарыққа шықты. Аталған альбомға әншінің 15 шақты ең таңдаулы деген әндері еніпті. Олар: «Япурай», «Тойбастар», «Дудар-ай», «Екеуіміз», «Ақтолғай», «Ардагер асыл ағалар», «Өмір дене осы екен», «Қарттар үйіндегі той», «Сарбаздар», «Неге солай», «Ойлайсың ба?», «Жангүлім», «Айсұлу», «Құстар қайтып барады».

Асыл Жандәулетов 1984 жылы Созақ ауданында туылған. Бірақ ата-анасының жұмысына байланысты әнші отбасымен Бәйдібек ауданына қоныс аударған екен. Сол ауданда ер жеткен ол қаламыздағы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Университетінің өнер факультетін тәмамдаған. Қазір әнші Шымкент қаласында тұрып шығармашылығын шыңдау үстінде.

Асыл Жандәулетов: «Үн таспаны жарыққа шығару менің бұрыннан арманым болатын. Міне, басты мақсатыма қол жеткіздім. Ендігі алға қойған жоспарым махаббат жайындағы әнге бейнеклип түсіру. Осыдан 8 ай бұрын марқұм болған Ержан Серікбаев ағамыз маған бір ән берген болатын. Оны да жаздыру үстіндемін».