Тойға барамын деп 60 адам ұшынып ауруханаға түсті

357

Мереке күндері облысымызда 60-тан астам адам астан ұшынып ауруханаға түсті. Олардың барлығы Қазығұрт ауданында өткен тойдың қонақтары. Алдын ала мәлімет бойынша ас жеп ауруханаға түскендер ет өнімдерінен ұшынған. Науқастардың саны күн санап көбейіп жатыр. Қазір дәрігерлер, осы тойға қатысқан қонақтардың үйлерін аралап денсаулығын тексеріп жатыр.

6-мамыр күні Қазығұртттағы бір тойханада 450 адамға қатысуымен үлкен думан өткен. Ертеңіне осы қуынашқа қатысқан қонақтардың алды ауруханаға түсе бастапты. Арасында дастарханға қойылған асты дайындаған аспаздар да бар.

Сырқат сыр берген алғашқылардың бірі Талғат Стамқұлов пен оның жұбайы. Тойға тойып келген қонақтар думанды дастарханнан ауыз тиіп қана ауруханаға түскен.

Талғат Стамқұлов, науқас: «Біріншіге ет асып берді. Содан ауыз тидім. Және балықтан ауыз тидім».

Тойдан кейінгі екі күнде 51 адам Қазығұрт аудандық ауруханасына жеткізілген. Арасында бір жүкті әйел және 15 жасқа дейінгі сегіз бала бар. Сағат санап түсіп жатқан науқастар 30 орындық жұқпалы аурулар бөлімшесіне симағандықтан, бір бөлігі аудандағы басқа ауруханаларға жіберілген. Тойдағы астан ұшынғандар әлі де түсіп жатыр екен.

Жайлаухан Қарабеков, Қазығұрт аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері: «Қазір біздің емхананың дәрігерлері сол тойда болған адамдардың тізімін алып, барып тексеріп жатыр. үйінде ауырып жатқандар бар ма жоқ па, ыстығы көтерілгендер бар ма. Соларды бізге жіберіп жатыр».

13 адам Шымкенттің ауруханасында жатыр. Өңірдің өзге аудандарынан келген қонақтар да сырқаттанып жатқан көрінеді. Ал тойхана басшыларының айтуынша, сол күні бұл жерде ешқандай тамақ дайындалмаған. Дастарханға қойылған дәмнің бәрін той иелерінің өздері алып келіпті.
Арнайы тексеру «науқастардың барлығының да еттен жасалған тағамдардан ұшынған» деген қорытындыға келді. Өйткені сол тойға бір жылқы сойылған екен.

Санитарлық тексеру қорытындысы бойынша тойхана уақытша жабылып, иелеріне айыппұл салынды. Қазір Қазығұрттағы жаппай астан ұшыну оқиғасы бойынша прокурорлық тексеру тағайындалды. Оның қорытындысы бойынша қылмыстық іс қозғалуы да мүмкін.