Басында снарядтың жарықшағы қалып қойған ардагер

Басында 59 жылдан бері снаряд жарықшағы бар

1941 жылы әскерге аттанып, 1944 жылға дейін сұм соғыстың қақ ортасында жүріп, талай зұлматтың куәгері болған Өмірзақ Атемов өткенді қинала еске алады. 1943 жылы Курск түбіндегі қанды шайқаста өкпесі мен басынан, аяғынан жараланып, ауруханаға түскен ардагердің денесінде басында екі, өкпесінде бір снарядтың жарықшағы қалып қойған.

«Ол кезде мен штаб дивизиясында радист едім. Алдымызда бес метр қашықтықтай жерде снаряд жарылды да, қасымдағы екі жолдасым қайтыс болды. Ал қалған екеуміз жараландық. Мен үш жерімнан жарақаттанып, госпитальде үш ай бойы жаттым»,- деп, есіне алды ардагер.

Емделгеннен соң, жауынгер қолына қайта қару алып, майданға аттанады. Байланыс бөлімінде жүріп, отан қорғаған ардагер Мәскеу түбінде, Латвия, Литва мен Эстонияны немістерден арашалауда ерлікпен шайқасқан. Ал 1944 жылы оны қараша айында Горький қаласындағы әскери училищеге жібереді. Оқуды тәмамдаған соң, он жыл бойы сонда жұмыс істеп қалып қояды.

Отан алдындағы борышын орындап, еліне тек он бес жылдан кейін оралған Өмірзақ ата өз елінде де он бес жыл бойы ішкі істер саласында подполковник болып жұмыс атқарып, зейнетке шығады. Одан кейін он алты жыл бойы жұмысқа орналастары бюросын басқарады.

Зейнетке шыққан соң ардагер соғыста басынан өткізген қасіретті күндер мен естеліктерден тұратын екі тілде кітап та шығарыпты. 500  данадан тұратын «Ұрпаққа ұлағат» атты кітаптың әр бетінде тек қайғы- қасірет әкелген сұм жылдарда бірге болған жан жолдастарының суреттері мен естеліктер, бейбіт заманға жетеміз деген үміт хаттар орын тепкен. Асыл ардагер алдағы уақытта тағы бір шығармасын шығармақ

91 келген ерлік иесінің күші кемісе де, қуаты таймаған. Көру қабілеті де жақсы. Өзі жеңіс сыйлаған тыныш заманда  ұл‑қыздары мен немерелерінің бақытты жүзін көріп, арманыма жеткеніне тәуба қылады. Бүгінде облыстық, республикалық газеттерді оқып,  телеарналардан хабарларды жібермей көреді. Сөзжұмбақ шешіп, уақытын өткізеді. Басында қалған снарядтың жарықшағы да күн сайын санамыздан ұмытылып бара жатқан қанды күндерді есіме салып тұрады дейді қария.

Есімдері тарихқа алтын әріппен жазылатын батыр  ардагерлердің әр күні қымбат. Күн санап азайып бара жатқан қариялар тарихтың тірі куәгерлері болып қала бермек.