Оңтүстік жастары Астанаға саяхаттап қайтты

«Оңтүстіктің жастары әрқашанда алға!». Елорданың төрінде біздің облыстың жастары 27-29 сәуір аралығында дәл осылай ұрандатып, сайран салып саяхаттады. Өңірдің 15 ауданынан жиналған ең белсенді 40-қа жуық оқушы мен студентке мұндай жолдаманы беруді облыстық жастар орталығы ұйымдастырды. Өйткені Астанаға саяхаттауға мүмкіндік алған жастар таяуда ғана Шымкентте өткізілген «Сүйікті мен Сүйкімді» байқауына қатысқан өнерпаздар болатын. Әрі бұл жарыс 15 сәуір «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» ғашықтар күніне орай ұйымдастырылған шара еді.

«Сүйікті мен Сүйкімді» сайысында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығып, бағы мен бабы бірге шапқан жұп Шымкенттің сері жігіті мен сылқым сұлуы болатын. Астанада сайран салған күндерде жарыстың басжүлдегері Өмірхан Пайыз шаһар көркіне ерекше ғашық болды. Елорданың символы Бәйтерекке көз тігіп, болашақтың жарқын екеніне сенді. Алайда Өмірхан мұнда өз жұбынсыз келді. Өйткені, байқауда жанына серік болған өнерлі ару бұл кезде би жарысынан бағын сынап жатқан тұғын осы қалада.

«Шынымды айтсам, облыстық Жастар орталығы ұйымдастырған шарада жұбымыз екеуміз соншалықты қинала қойған жоқпыз, – дейді Өмірхан. – Өйткені, өзіміздің М.Әуезов атындағы ОҚМУ ұйымдастырған ғашықтар байқауы біздерді жақсы шыңдады. Біз оқымысты жігіт пен қол жетпейтін сұлудың арасындағы пәк сезімді суреттеуге тырыстық».

Елордада өткен екі тәулікте белсенді жастар «Ақорданы» көрді, «Хан шатырында» сайран салды. Алып құрылыстардың сөйтіп, сәулетіне сүйсінді. Естелік үшін суретке түсті. Ерекше әсер алды. Өйткені, бұл жастардың көпшілігі басқалаға алғаш рет табан тіреп отырғандар. Әрине, Шаһардың символы Бәйтерекке шығып, қалыпты дәстүр де орындалмай қалған жоқ.

Сержан ЖАҚЫПОВ, облыстық жастар орталығының бөлім бастығы: «Жастар орталығының Астанаға жастарды саяхаттату шарасы бұл осы мекеменің дәстүріне айналды десем қателеспеймін. Және бұл сапар да біздің мекеменің соңғы шарасы емес. Осындай істер арқылы біздер еліміздің болашақ өрендерін елін, жерін сүйетін ұлтжанды болуға үгіттейтін боламыз».

Астанадағы «Думан» ойын-сауық кешеніндегі жерасты мұхитына саяхат та күн тәртібінен қалған жоқ. Жас өрендер Балық патшалығының түрлі өкілдерімен танысты. Теледидардан көрген теңізасты әлемін енді өздері тамашалаған менің замандастарым «Астана, саған тағы келеміз!» деп дұғайласып қайтты. Сол екі күнде Республиканың жүрегіне айналған Елорданың күн санап өсіп-өркендеп келе жатқанына айрықша дән разы болды олар.

Игі шараны ұйымдастырушы жастар орталығының мамандары таяуда тағыда осындай саяхаттың болатынын мәлім етті. Ол шақта белсенді жастар Көкшетаудың Бурабайына аттанатын болады.