Облыстық балет мектебі би жанашырын еске алды

334
шәкірттер би жанашырын қимастықпен еске ала биледі

Оңтүстік Қазақстан опера және балет театрында көпшілік бас қосып, ардақты ұлдарын еске алды. ҚР мәдениет қайраткері, ұлағатты ұстаз Болат Мейірбековты еске алу концерттік кешін облыстық балет мектебі ұйымдастырды. Еске алу шарада сахна төрінен 32 би тамашаланды. Жоғарғы дәрежедегі дайындықты талап еткен іс-шараға Болат Атаханұлының туған туыстары мен үзеңгілес достары көп жиналды.

Алғаш рет шымқалада балет мектебін ашқан Болат мұқтаж жандарға қол ұшын беруді парыз санады өзіне. Әрдайым жүзі нұрланып, жаны жадырап жүретін ол қайырымдылық жасаудан жалыққан емес. №4 Сайрам балалар үйінде тәрбиленетін бишілер Болат ағамыздың жақсылығын ұмытпаймыз дейді. Олардың айтуынша, көптеген жылдар бойы осы балалар үйіндегі тәрбиеленушілерге Болат Атаханұлы қолынан келген көмегін аямаған. Концерттік кештерге апарып, балет мектебінде тегін оқытқан. Мектеп бітірген жастарды би факультеттеріне түсуге көмектескен, жоғары оқу орын бітіргендерді жұмыспен қамтамасыз еткен.

Мищерякова Елена, №4 «Сайрам» балалар үйнінң тәрбиеленушісі: «Біз кішкентай кезімізден би билеп, салауатты өмір салтын қалыптастырып өстік. Мұның барлығы Болат ағамыздың арқасы. Әрдайым кеңес беріп, жақсылық жасаудан жалықпайтын. Аптасына 3 рет Шымкенттегі балет мектебіне әкеліп, бидің қыр-сырын үйретті. Расында біз ағамыздың жасаған жақсылықтарын ешқашан ұмытпаймыз. Сондықтан, бізге аманаттаған би өнерін жалғастырып, хореография саласына өз үлесімізді қосуды көздеп отырмыз».

Ламиля Шайкенқызы жары Болат жайында естеліктер айтты

Ламиля Шайкенқызы, Болат Атаханұлының әйелі: «Болат – халықтың ұлы болды. Әрдайым қарапайымдылығымен ерекшеленді ғой. Қайда жүрсек те бишілерін уайымдап, “солар қашан үлкен сахнаны бағындырар екен. Сонда ғана бақытты болар едім” деуші еді. Қарап отырсам, елін ерекше жанымен сүйіп өтіпті. Өмірге келген соң, осындай асқар таудай болып, артынан өшпес із қалдырғанына ризамын адал жарымның. Шәкірттерін көрген сайын, Болаттың болашаққа қалдырған іздерін көргендей боламын».

Көп жылдар халқының қамын ойлап, сол үшін тыныстап, сол үшін еңбек еткен ерді елі бүгін ерекше екпінмен еске алды. Құрметін жеткізді шексіз. “Өнер жолы – ауыр жол”. Сонда да өнер жолының өрлеуіне өз үлесін қосқан аптал азамат халық жадында мәңгі жасай бермек.